06 қаң, 2021 сағат 15:30

Дана Нұржігіт: Президент мақаласын оқып шығуға кеңес беремін

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2000 жылдары делимтиация жұмысы өте қарқынды жүргізілгені белгілі. Президенттің мақаласынан түсінгеніміздей, осы мәселені сол жылдары қолға алған Нұрсұлтан Әбішұлына «осыны асықпай жасауға да болар еді» деген сыңайдағы пікірлер де айтылған көрінеді. Ал бүгін, Елбасының сол кемеңгерлігі болмаса, шекара мәселесі барлық мағынада ашық болып жатса, жағдай қалай болар еді?! Оны ойлаудың өзі қорқынышты! Кеңес Одағынан бөлініп шыққан 15 социалистік республиканың ішінде осы мәселеге 90-шы жылдары зор мән берген жалғыз Қазақстан ғана! Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, біздікі – ертең үшін» деген сөзі ойға оралады», - деп жазды сенатор Instagram -дағы парақшасында. 

Оның айтуынша, ертеңін ойлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты іске,нәтижеге ден қоятын байсалды басшы екенін танытты. Сондай-ақ ол өз мақаласында ұлтымыздың даму жолында ең алдымен әділдік қағидатын ұстанатынын баса айтып отыр. 

«Бүгінгі қиындықтар өтеді, пандемияға адамзат болып төтеп беріп жатырмыз. Өмір мұнымен тоқтамайды. Сондықтан бүгінгімен алысып жүріп,ертеңімізді жоғалтып алмауды ойлайық! Ал, ертеңгі ұрпағымызға қалдыратын ең басты мұрамыз, ең қымбат құндылығымыз - Тәуелсіз Қазақстан», - деді депутат

«Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың мақаласын оқып шығыңыздар деп кеңес беремін, қымбатты оқырмандарым! Осы елдің азаматы ретінде бәрімізді мазалайтын мәселелерге Президент жан-жақты, терең әрі кең ауқымды сараптама жасап жазыпты», - деп жазды Дана Нұржігіт.