Мәңгілік ұғымдардың шыңында тұрған ең биігі, ең қасиеттісі – еліңнің Тәуелсіздігі. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осыдан 29 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан құзар шыңның шетіндегі қатерлі соқпақпен жүріп өткендей болған еді. Мемлекет құру жолында уақыт талабына сай реформалар жүргізіліп, халық игілігіне жұмыс істейтін институттардың ірге тасы нарықтық қатынастармен қатар қаланды. Халықаралық деңгейде өз орны бар Тәуелсіз Қазақстанды бүгінде әлем Орталық Азиядағы беделді әрі маңызды мемлекет деп біледі. Осы орайда, Тәуелсіздік күні қарсаңында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде мемлекетіміздің сыртқы саясатта жүріп өткен жолын аз-кем айта кетсем деймін», - деді ол.
Сенатордың айтуынша, бүгін Қазақстан - халықаралық қоғамның толық құқылы мүшесі, халықаралық қатынастарда сенімді, жауапты әріптес. Алайда мұндай жетістіктерге жету үшін Егеменді Қазақстанға қайрат пен нағыз еңбек қажет болды. 1990 жылы, Одақ құлдырағаннан кейінгі кезеңде Қазақстан мемлекетінің жағдайы басқа еді. Қазақстанның Сыртқы саясаттының қалыптасуы егемендік іргетасын бекемдеумен бірге жүрді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясы қабылданып, Қазақстан мемлекеті алғашқы рет халықаралық құқық субъектісі болып айқындалды. Бұл тарихи құжатта «Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға правосы бар» деп белгіленген. Ал, 1991 жылғы 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды.
«Жас мемлекетті үлкен өзгерістер мен ғаламат мүкіндіктер күтіп тұрды. Осы жолда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды халықаралық аренада демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жария етті. Саяси картадағы Тәуелсіз Қазақстанның Коституциясының алғашқы бабында жазылғандай, біз үшін ең қымбат қазына – адам өмірі. Осы сөздің айшықты дәлелі деп Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы саяси шешімін айтуға болады. Президент Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигоны жабылды. Осылайша, Қазақстан бейбіт жолды таңдап, гуманистік принциптерді ұстанатын мемлекет екенін әлемге паш етті. Біз дүниежүзілік қауымдастыққа интеграциялық даму, бейбіт демократиялық жолды таңдаған тәуелсіз мемлекет екенімізді әр бір саяси қадамымызбен дәлелдеп отырдық. Бүгінгі жағдайда Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы осынау тұрақтылығы біз үшін құны өлшеусіз капитал деуге болады», - деді Дана Нұржігіт.
Сенатордың айтуынша, пандемия құрсауында қалып отырған адамзат өмірі, тұрмысы, санасы, дүниетанымы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістер халықаралық қатынастарда да сезіледі. Виртуалды кеңістікте өтіп жатқан халықаралық кездесулер бұған дейін жылдар бойы қалыптасқан саяси-экономикалық серіктіктің сапасын айқандай түскендей. Пандемияға дейінгі өмірде ресми, бейресми жағдайда көзбе-көз кездесіп, ашық диалог жүргізіп, серіктес ретінде мойнына алған міндеттемелерін бұлжытпай орындап, сертінде тұрған көшбасшының адами, кәсіби абырой беделі бүгінде әр бір мемлекет үшін өте маңызды фактор болып отыр.
«Бұл жағынан келгенде мемлекетіміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та дүниежүзілік аренада мойындалған тұлғалар. Мемлекет мүддесін қорғауда Қазақстан көшбасшылары саяси серіктестерінің позициясын түсіне отырып, үнемі адамгершілік қағидаттарынан айнымауға, бітімгершілік пен татулық, өзара тиімді шешімдер қабылдауға шақыратын тарап ретінде танылды. Виртуалды өмір мен прагматизм, жасанды интеллект заманында адамды суық машинаға айналдырудан сақтайтын дәл осындай ұстанымдар. Жаһандану үдерісін тежеп, әлемді бұрын соңды болмаған дағдарысқа ұшаратқан пандемия бір жағынан кесірін тигізсе, екінші жағынан тарих тұлпарын қамшылап адамзаттың технологиялық даму жылдамдығын үдете түсті. Бүгінде барлық мемлекеттер әлемдік дағдарыстан шығудың жолын іздеуде. Бұл ретте әр мемлекет барлық ішкі-сыртқы ресурстарын жан-жақты пайдаланып, проблеманың өзін пайдаға айналдыруға тырысып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда транзит пен ашық теңізге тікелей шыға алмай тұрған 90-шы жылдардың басындағы Қазақстанды тағы бір көзге елестетсек; біздің алдымызда әлемге танылып, аяқтан тік тұрып Тәуелсіздікке лайық ел екенімізді дәлелдеудің сынаққа толы ауыр жолы жатыр еді. Біз сол қиындықтың бәрін еңсердік қой. Әлемге танылдық, әлем бізді бейбітшіл әрі бауырмал мемлекет ретінде мойындады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бүгінде Қазақстанда 68 ден астам елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері тіркелген. Қазақстан Республикасы 100-ден астам мемлекетте өзінің дипломатиялық өкілдіктерін ашып, 70-тен астам халықаралық ұйымдардың толық құқылы мүшесі болып отыр. Сонымен бірге, 40-тан астам көпжақты шарттарға және 700-ден астам екі жақты шарттарға қол қойған.
«Әлемнің экономикалық жүйесінде Қазақстанның өзіндік орны бар деп толық айта аламыз. Халықаралық дипломатиядағы ауыз толтырып айта алатын жетістіктеріміз, тәуелсіз Қазақстанның посткризистік кезеңдегі заманауи дамуымыздың кепілі. Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген сөз бар. Әлем болып бастан өткеріп жатқан қиындықта ненің өткінші, ненің мәңгілік екенін анық түсінетін, шынның жүзіндей өткір ақиқатқа көз жеткізіп отырмыз: мәңгілік ұғымдардың шыңында тұрған ең биігі, ең қасиеттісі – еліңнің Тәуелсіздігі. Бүгін мереке деп аталатын осынау тарихи күн, Абыз-Әбіш ағамыздың сөзімен айтқанда, «ұлыңның қанымен, қызыңның арымен» келген күн екенін бір сәт те естен шығармайық! Тәуелсіздік тұғыры нық, хәм биік болғай!», - деді Дана Нұржігіт.