Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде сақталады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштері сақталды. Бұл жалпы ішкі өнімнің 3,8 пайыз деңгейінде өсуі, 89 млн тонна көлемінде мұнай өндіру ескерілген. Мұнайдың әлемдік бағасы жоғары құбылмалылықты көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып, мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды», - деді министр.
Оның атап өтуінше, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде тұр.
«Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды. Түсімдер түрлері бойынша кірістер құрылымы сақталады. Көлемді түсімдерді қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2 трлн теңге), халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) қамтыды», - деді Руслан Дәленов.
Белгілі болғандай, түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсіп, 10,7 трлн теңгені құрамақ. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд. теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 12 трлн теңгеден асады.