Тибеттің рухани көсемі Далай Лама күні Үндістанның солтүстігіндегі Дхармсала деген қалада коронавирус вакцинасының алғашқы дозасын салдырды.
85 жастағы Далай Лама екпе алған соң адамдарды вакциналануға шақырды.
"Ауыр жағдайдың алдын алуда екпе өте пайдалы" деді ол.
Екпе салынған аймақтық аурухананың дәрігері Г.Д. Гупта Далай Ламаның вакцина салған соң 30 минут бойы бақылауда болғанын» айтты.
«Ол ауруханаға қатардағы азамат ретінде келіп, өзіне екпе салдыруды ұсынды» деді ол.
Гуптаның сөзінше, екпе Далай Ламаның резиденциясында тұратын 10 адамға да салынған. Олардың бәріне Окcфорд университеті мен британиялық фармацевтика компаниясы AstraZeneca әзірлеген «Ковишилд» (Covishield) вакцинасын салған. Вакцинаны Үндістандағы Сарысу институты (Serum Institute) өндірген.
Далай Лама 1959 жылдан бері Дхармсалада тұрады. Ол бұл қалаға Тибеттегі Қытай билігіне қарсы сәтсіз көтерілістен кейін келген.
Қытай үкіметі қуғындағы Тибет үкіметін мойындамайды және Далай Ламаны Тибетті Қытайдан бөліп алғысы келеді деп айыптайды.
Далай Лама сепаратизм айыбын жоққа шығарып, жай ғана елеулі автономия мен аймақтағы байырғы Буддистік мәдениетті қорғауды қолдайтынын айтады.
Үндістанда коронавируспен 11 миллионнан астам науқас тіркелді. Аурудан 157 мыңнан астам қайтыс болды. Коронавируспен тіркелген науқастар мен Covid өлімі жөнінен Үндістан АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Елде қаңтар айынан бастап коронавирус вакцинасын егу науқаны басталды. Алғашқыда екпе денсаулық сақтау саласының мамандарына егілген. Осы айдың басынан вакциналаумен егде жастағы азаматтар мен денсаулығы мүшкіл адамдар қамтыла бастады.