01 сәу, 2020 сағат 09:30

Далада жұмыс істейтін еңбек адамдарына көбірек көңіл бөлінсе екен – Ақұштап Бақтыгереева

Далада жұмыс істейтін еңбек адамдарына көбірек көңіл бөлінсе екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақынның айтуынша, Мемлекет басшысының мәлімдемесінде көп мәселе айтылды. Тек соны жергілікті билік орындары орындай білуі керек.

«Әсіресе, қазіргідей кезеңде далада егін салып, мал бағып отырған шаруа қожалықтарына барынша қолдау көрсетілсе деймін. Өзім білетін шаруа адамдарына өткен жылы демеуқаржы берілген жоқ. Экономика тұралайды деп әлем шулап, дабыл қағып жатқан мезгілде біздің даламыз назардан тыс қалмауы керек. Жұмыссыздық белең алмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет», деді Ақұштап Бақтыгереева.

Тағы бір түйткілді мәселе – мектеп оқушыларын қашықтан оқыту жайы. Ауылдарда интернеттің дұрыс жолға қойылмағаны белгілі. Сондай жағдайда балаларды қалай оқытпақшымыз? Бұл да – ойланатын мәселе. 

«Барша ағайынға айтарым, қазір бәріміз үшін, ұрпағымыз сын сағаты туып тұр. Үйден шықпа десе, шықпасқа керек. Бұл – ешқандай дәріге, ғылымға әл бермей жатқан індет. Ендеше, содан аман қалуды ойлау керек. Бәлкім, қайырымдылық, бәлкім, өзіңді өзің сыйлау мәдениетің, бәлкім, медициналық сауаттылығың, тазалықты сақтай білуің көмектесер. Қыдыруды қояйық, орынсыз жүруді доғарайық. Өз үйіміздің қадірін білейік. Таңда тұрып, «Балам, қалің қалай?» дейік, «Анам, қалің қалай?» дейік бір-бірімізге. Үкіметіміздің айтқанын істейік. Тәртіпке көнейік, тағдырға бағынайық, ұлы күшті мойындайық. Айналайын халқым, абай болайық!», деді ақын. 

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.