01 сәу, 2020 сағат 14:00

Дәл қазір қанағатшылдық концепциясы аса маңызды – Оңайгүл Тұржан

Ақын Оңайгүл Тұржан Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1348 жылы Италияда тараған індет жайында оқып, шошып кеткенім бар еді. Сол жолы ұлы ақын Франческо Петрарканың ағасы Джерарда деген діндар адам ғана ауырмай қалыпты. Ол ауырып жатқандардың аузына су тамызып, көшеде өліп жатқандарды өзі бір жерге жинап, жерлеп жүрген. Сонда да ауырмапты. Зерттеушілер мұны ол адамның ішкі сабыры мен иммунитетінің мықтылығымен түсіндіреді. «Қорқақ адамды ит қапқыш» дейді ғой. Айтайын дегенім, кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен бәрімізді сабырға шақырды. Кәдімгідей тапсырды бәрімізге. Бұл - осы төтенше жағдай кезінде Президенттер беретін тапсырмалардың ішіндегі ең маңыздысы. Неге? Өйткені адамды үрей жеңсе, кез келген ауыртпалық жүз есе ауырлайды. Демек, бұл вирусқа төтеп беретін күшіміздің бар екендігіне деген ішкі сенім – біздің ең мықты қамалымыз. Президент осыған үндеді, бірақ мұндай сабырға да қандай да бір негіз керек қой. Мемлекет басшысы сол негіздерді санамалап тұрып айтты. Біздің әрқайсымыз осы мәлімдемені бар зейінімізбен оқып шығуымыз керек», - дейді Оңайгүл Тұржан.

Оның айтуынша, бұл мәлімдемеде осы қиыншылықты қалай жеңіп шығатынымыздың өзіндік өте мықты траекториясы көрсетілген. Яғни, осы індеттен алдырмай-шалдырмай өте алатындығымызға тастабан болатын жоспар құрылған. Біздің көкейімізді сабырға жетелейтін және мемлекетімізге деген сенімнің құр ұран емес, нақты істерге табан тіреп тұрғандығын осыдан көре аламыз және, шыныда да, көңіл түкпіріміздегі сабыр мен сенімнің тіні беки түседі. 

«Зейнетақы мен мемлекеттік көмекті 10 пайызға өсірмек, яғни осындай және басқа да әлеуметтік қолдау шараларына мемлекет 200 миллиард теңге қаржы бөлуді жоспарлады. Қазір жұмыссыз қалғандар мен ешқайда ресми тіркелмей өз бетімен күн көріп жүргендерге төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгеден төлем жасауды жүзеге асырып жатыр. Бұл 100-200 адам емес, 3 миллионнан астам азаматтарды қамтиды екен. Міндетті әлеуметтік сақтандыруда жоқ азаматтарға әртүрлі дәрігерлік көмекті тегін беруді міндеттеді, әлеуметтік жағдайы төмен мүгедектер және тағы да басқа мемлекеттің арнайы белгіленген санаттағы 800 мыңнан астам адамадарына тегін тамақ беріліп жатыр. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатты. Жанармайды нарықтағы бағасынан 15 пайызға дейін арзандату міндетін қойды. Бұл - ұлан-ғайыр көмек. Көктемгі ауыл шаруашылығы жұмыстарын дер кезінде бастау және өз деңгейінде жүргізу - қазіргі жауаптының да жауапты жұмысы. Өйткені ауыл шаруашылығы – дәл осы кезеңдегі ең маңыздының да маңыздысы болғалы тұр. Себебі, оны қазір қолдап жібермес, астық өнімдері өспей қалса, қиындықтың көкесі сонда болады. Нансыз қаламыз. Міне, қауіп қайда жатыр. Мемлекет сол қауіптің алдын алудың біз бұрын-соңды естіп көрмеген шаралары жасалатын жоспарын құрды», - дейді ол. 

Ақын қазір халық алаңдаулы екенін айтты.

«Халық күнделікті жұмысын жасаудың өзіне терең бойлай алмай отыр. Өйткені мына өте қауіпті індет қай жағыңнан аңдып тұрғанын білмейсің. Бұл - писхологиялық жағынан халықтың еңсесін басып тұратын хал. Осындай ауыр кезде елді тәртіпке шақырып, Президент сол тәртіпті сақтап отырғанымыз үшін алғыс айтты. Себебі, мемлекет пен жергілікті жердегі билік орындары жоғарыда айтылған жағдайларды жүзеге асырамыз деп жанұшырып жатқанда, біз тәртіпке бағынбай «неге 42 500?», «неге аз», «маска қайда», «басқа қайда» дей берсек, береке кетеді. Масканы өзіңіз тігіп алыңыз. Басқасын мемлекет ойластырып жатыр. Дәл қазір қанағатшылдық концепциясы аса маңызды болып тұр. Жасырынып той жасап, құдалыққа барып бытырап жүрсек, жасалып жатқан жұмыстардың тиімділігі азаяды. Себебі ауру одан сайын тарайды. Бұл төтенше жағдайдың мерзімін ұзарта түседі. Сондықтан, біз сияқты қарапайым халықтың мемлекетке көмегі – тәртіпке бағыну. Үйде отыру арқылы біз төтенше жағдай мерзімінің ұзарып кетпеуіне өте жоғары деңгейде ықпал ете аламыз», - дейді Оңайгүл Тұржан.