13 мау, 2020 сағат 10:21

Дағдарысқа қарсы салық шаралары: Мемлекет қандай қадамдарды қабылдады?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің дағдарысқа қарсы салық жеңілдігі туралы депутаттар сауалына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дағдарысқа қарсы салық шаралары бойынша депутаттық сауалды қарап шығып, тиісті жауапты жолдаймыз. Өздеріңіз білесіздер, төтенше жағдай кезінде Үкіметтің үш қаулысы қабылданды. Онда бизнесті қолдауға негізделген салық бойынша ынталандыру қадамдары ескерілген. Халыққа қызмет көрсету, азық-түлік емес тауарларының саудасы, туризм салалары секілді шағын және орта бизнестің осал секторлар мүлік салығынан босатылды», - деп жазды А. Мамин депутаттық сауалға берген жауабында. 

Оның сөзіне қарағанда, қабылданған шаралар агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қамтып отыр. 

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жер салығын төлемейді. 19 позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 8 пайызға дейін төмендетілді. Кәсіпкерлік субъектілері биылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін 29 қызмет түрі бойынша еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылды», - деп түсіндірді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Асқар Мамин салық саласындағы өзге де жеңілдіктерді еске салды.