Қазақстанда тағы 658 адамның коронавирус тесті оң шықты, 13 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бір күнде 11 адам өлімі тіркелді: 8 адам - коронавирустан, 3 науқас коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. Денсаулық сақтау министрлігінің 2 наурыз күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бері 214 089 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен расталған. Содан бері 197 782 адам жазылған, 2 772 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі коронавирус жұққаны ПТР тестпен емес, клиникалық белгілері бойынша анықталған науқастар есебін (коронавирус пневмониясы) 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Оған дейін коронавирус пневмониясына қанша адамның шалдыққаны белгісіз. 1 тамыздан бері 49 307 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 628 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. 42 мыңнан астамы жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір 19 694 адам (КВИ+, КВИ-) коронавирустан емделіп жатыр. 13,6 мыңының ПТР тесті оң шыққан. 250 адамның жағдайы ауыр,48 науқастың жағдайы өте ауыр, 44 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
1 наурыз күнгі мәлімет бойынша, коронавирус жұққаны ПТР тестпен расталғандар саны жағынан Алматы қаласы алда тұр. Бір күнде елдегі ең ірі қалада 102 науқас тіркелген. Ақмола облысында - 78, Павлодар облысында - 77, Нұр-Сұлтанда - 65, Қостанай облысында - 62, Шығыс Қазақстан облысында - 55, Алматы облысында - 48, Батыс Қазақстан облысында - 46, Солтүстік Қазақстан облысында - 37, Қарағанды облысында 27, Атырау облысында - 24, Жамбыл облысында - 5, Қызылорда облысында - 6, Шымкентте - 17, Ақтөбе облысында - 5, Түркістан облысында 3, Маңғыстау облысында 1 науқас тіркелген.
Қазір бірде-бір аймақ "қызыл аймақта" тұрған жоқ. "Сары аймақта": Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары тұр. Қалғаны - "жасыл аймақта".
Сондай-ақ, 2 наурыздағы мәлімет бойынша, 19 694 адам короновирус инфекциясынан (13 535 КВИ+ және 6 159 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 4 360 пациент стационарда, 15 334 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 250 адамның жағдайы ауыр;
• 48 пациенттің жағдайы өте ауыр;
• 44 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 114 млн 417 мыңнан асты. 64 млн 603 мың адам жазылған. 2 млн 538 мың науқас қайтыс болған.