5 тамызда Қазақстанда 7769 адамның анализінен коронавирус анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің жұма күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Елде ақпан айынан бері вакциналау науқаны жүріп жатқанына қарамастан індеттің беті қайтпай тұр. Кейінгі аптада науқастар мен адам өлімі бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркеліп жатыр. Бейсенбі күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда әрқайсысында – 1507, Қарағанды облысында – 1038, Шымкентте – 549 адамнан коронавирус табылған. Қалған облыстарда бір күнде анықталған науқастар 400-ге жетпейді.
Қазір Түркістан облысы коронавирустың тарауы бойынша "жасыл аймақта" тұр. Қалған облыстар мен қалалар "қызыл аймақта".
Елде коронавируспен байланысты адам өлімінің көрсеткіші жоғары. 4 тамызда 155 адам коронавирустан қайтыс болған: 26-сы коронавирус пневмониясынан көз жұмған деп айтылады.
Осы аптада денсаулық сақтау саласының мамандары адам өлімінің көбеюіне коронавирустың дельта вариантының жылдам таралуы және вакциналаудың баяулығы себеп деп мәлімдеген.
2020 жылдың наурыз айынан бер 618 мың адамның коронавирус тесті оң көрсеткен. 6531-і қайтыс болған.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін 2020 жылдың тамызынан бері есептеп келеді. Содан бері 62 мың адамға сондай диагноз қойылған (4 тамызда 413 адам корнавирус пневмониясына шалдыққан), 3840-і қайтыс болған.
6 тамыздағы ақпарат бойынша, 107 807 адам коронавирус инфекциясынан (–104 321 + және 3 486 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 30 139 пациент стационарда, 77 668 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жүр.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
1 884 адамның жағдайы ауыр,
400 пациенттің жағдайы өте ауыр,
187 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан халқының 30 пайызға жуығы коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алған: 4,2 млн адамға екі дозасы салынған, 1,4 млн адам бір дозасын алған.
