Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Вирус жұқтырғандар екінші күн қатарынан 8 мың адамға көбейген. Бұл туралы сенбі, 31 шілде күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Екі күн бұрынғы (29 шілде) ақпарат бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған тағы 7691 адам анықталған. 86 науқас қайтыс болған.
ПТР тесті теріс шыққан 309 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 14 адам осы дерттен көз жұмған.
Қазір Қазақстанда вирус өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, өткен аймен салыстырғанда шілдеде ауру өсімі 5 пайыздан артық өскен. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары - "қызыл аймақта", Түркістан облысы - "сары аймақта". Бейсенбі күні Қазақстан бас санитар дәрігері вирус қатты өршіген аймақты "күрең қызылмен" белгілеу жөнінде қаулы шығарған.
Үкімет індеттің өршуін коронавирустың аса жұқпалы әрі қауіпті "Дельта" вариантымен байланыстырады. Ең алғаш рет Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда маусымның аяғында тіркелген.
31 шілдедегі мәлімет бойынша, елде 95 998 адам коронавирус инфекциясынан (–93 366 + және 2 632 КВИ-) емделіп жатыр.
Емделіп жатқандардың ішінде 27 004 пациент стационарда, 68 994 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 677 адамның жағдайы ауыр,
• 349 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 334 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр
Әлемде пандемия басталғалы бері Қазақстанда 572 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң (КВИ+) шыққан. Бұған қоса ПТР тесті теріс (КВИ-) нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгісі коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет ол есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері 60 мыңнан астам адамға осындай диагноз қойылған.
Қазақстанда ресми есеп бойынша, 2020 жылдың наурызынан бері 5866 адам коронавирустан көз жұмған. Былтырғы тамыз айынан бері коронавирус пневмониясынан 3711 адам марқұм болған.
Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәліметке сенбей, вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың шынайы саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осы кезге дейін 5,4 миллионға жуық адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,7 миллионнан асты.
