1 тамызда Қазақстанда 7573 адамның коронавирус тесті оң шықты. Денсаулық сақтау министрлігі дүйсенбі күні таңертең осылай деп хабарлады.
31 шілдеде 87 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 102 адам қайтыс болған: 86 адам – коронавирустан, 16 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.
Елде вирустың беті әлі қайтпады. Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда – 1489, Алматыда – 1540, Қарағанды облысында – 901, Шымкентте 650 науқас тіркелген. Атырау облысында 408 адамнан коронавирус анықталған. Қалған облыстарда 85-300 аралығында науқас тіркелген. Қазір барлық облыс пен қала "қызыл аймақта" тұр.
2 тамыздағы мәліметі бойынша елде 101 702 адам коронавирус инфекциясынан (98 951 КВИ+ және 2 751 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 28 541 пациент стационарда, 73 161 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жүр.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
1 676 адамның жағдайы ауыр,
402 пациенттің жағдайы өте ауыр.
196 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Билік індеттің өршуін дельта варианттың тарауымен байланыстырады. "Дельта" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам жұғады және асқынуы да тез. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда дельта маусым айында тіркелген.
2020 жылдың наурыз айынан бері 587 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. Одан бөлек, 61 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.
Былтыр наурыз айынан бері 6043 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3740 адамның өліміне себеп болған. Бұған қоса, коронавирус жұқса да, "басқа аурудан қайтыс болды" деп танылған кемінде 2 мыңнан астам адам өлімі коронавирус статистикасына енгізілмеген.
Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,4 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,7 миллионнан асты.
