21 қаз, 2020 сағат 15:00

COVID-19: Медицина қызметкерлеріне өтемақы беру тоқтатылды

20 қазаннан бастап коронавируспен күресте жүрген медицина қызметкерлеріне бірреттік әлеуметтік төлем беру тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID-19-бен күрес аясындағы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің айлық жалақыларына індетті жұқтырып алу тәуекелі үшін үстемақы төлеу жалғасып жатыр. Премьер-Министрдің тапсырмасымен 20 қазанда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда медицина қызметкерлеріне бірреттік әлеуметтік төлемді аяқтау туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, 20 қазаннан бастап қазіргі уақытта жасалған барлық жағдайды ескере отырып, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлем үшін жаңа өтінімдер қабылдау тоқтатылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта төлем алуға құқылы медицина қызметкерлерінің 421-іне ғана ақша аударылған жоқ. Оларға қатысты мәселе өңірлік комиссия деңгейінде рәсімделіп жатыр. Төлем осы жылдың 23 қазанына дейін беріледі. 

«Жұмыс барысында ауырып қалған жағдайда алдағы уақытта қолдау шаралары медициналық ұйымдардың немесе кәсіподақ ұйымдарының не жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен көрсетілетін болады. Бұл медицина ұйымдарының басшыларын өзінің медициналық қызметкерлерін жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етуге, санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуына бақылау жасауға ынталандыратын болады», - деді Марат Шоранов.