ҚР вице-премьері Ералы Тоғжанов COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің II кезеңінің аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға берілген қалалық клиникалық балалар инфекциялық ауруханасының модульдік филиалына барды.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров COVID-19 жағдайында жұмыс істеу үшін денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндады. Қалада бүгінде 7 011 төсек-орынға арналған 23 стационарда, 74 емхана базасында пациенттерді көшпелі (жылжымалы түрде) мониторингтеу үшін 298 мобильді бригада жұмыс істейді, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем жұмысы мен науқастарды бағыттау жаңа алгоритмдерге ауыстырылды.
Сонымен қатар, клиникалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Жанар Мадееваның айтуынша, ұйымдарды медициналық жабдықпен жабдықтауды жаңғырту бағдарламасы аясында 74 стационар мен клиника үшін 4200-ден астам жабдық сатып алынды. Сондай-ақ, бірінші эшелондағы стационарларды медициналық газдардың, оның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаланың медициналық ұйымдарындағы кәріз суларының биологиялық қауіпсіздігі режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуды бақылау күшейтілді.
Вице-премьерге жаңа модульдік инфекциялық стационар 300 төсекке есептелгендігі баяндалды. Алматы қаласының инфекциялық балалар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин стационарда барлығы 320 медицина қызметкері жұмыс істейтінін мәлім етті. 8 бөлімше, оның ішінде боксталған палаталары бар 2 блок қарастырылған. Жансақтау бөлімінде - 30 төсек, ПТР-зертханасы бар бөлімше, сондай-ақ әр палатада ылғалдандырылған оттегі бар (16 тонна сұйық оттегі, 8 тоннадан құйылғаны тұр). Жансақтау және қабылдау бөлімшесінде газдың 3 түрі жүргізілген.
Өз кезегінде «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақова жедел әрекет ету және басқару үшін қаладағы эпидемиялық жағдайға онлайн мониторинг жүргізуге бағытталған цифрлық әкімшілендірудің жаңа құралдарын көрсетті.
Нысанды аралау кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов тәуекел тобындағы адамдармен жұмыс жеке жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Оларды ауруханаға жатқызу бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар, тестілеу және вакцинация мәселелеріне назар аударылды. Аурухананың модульдік филиалының аумағында зертхана бөлімшесі бар, онда COVID-19-ға 2 мыңға дейін ПТР зерттеу жүзеге асырылады. Оны 5 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Ералы Тоғжанов жұмыс сапары аясында қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I кезеңі аяқталғанын атап өтті. Өз кезегінде, зерттеудің II кезеңі бойынша аралық есепке сәйкес вакцина жоғары тиімділікті көрсеткен.
Қазіргі уақытта ҚР Білім министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп зерттеудің III кезеңі үшін дайындық жұмыстарына кірісті.