29 там, 2020 сағат 09:10

Чиншанло Ауыр атлетикадан халықаралық кубокта «күміс» жеңіп алды

Қазақстандық Зульфия Чиншанло Өзбекстан Республикасының тәуелсіздігі күніне арналған Ауыр атлетикадан халықаралық кубокта екінші орын иеленді, деп хабарлайды Sports.kz сайты.

Турнир онлайн режимде өтіп жатыр. 

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Өзбекстан спортшысы Муаттар Набиева қос сайыс нәтижесінде 205 келіні (95+110) еңсеріп, жеңімпаз атанды. 

Чиншанло жұлқа көтеруден әріптесіне есе жіберсе, серпе көтеруден оған жетер ешкім болмады (115 келі). Алғашқы үштікті польшалық спортшы Йоанна Лоховская (80+105) тұйықтады. 

Еске салайық, сайыстың шартына сәйкес спортшылар додаға үйден немесе жаттығу орталығынан қатыса алады. Ұйымдастырушылар жаттығу орындау мен видеоқондырғыны орнату бойынша бірқатар ережелерді бекітті. Алайда бұл Кубок техникалық жарыс ережелеріне сәйкес келмегендіктен, оның нәтижелерін, соның ішінде жаңа рекордтарды халықаралық ауыр атлетика қоғамдастығы ресми мойындамайды.