21 шіл, 2021 сағат 22:57

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сербиялық «Црвена Звезданы» жеңді


"Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші раундында сербтің "Црвена Звезда" командасын жеңді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматының Орталық стадионында өткен ойын 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

12-минутта Косович жамбастың артқы бетінің бұлшықетін созып алды, нәтижесінде оны алаңнан алып кетті, ал оның орнына Қазақстан құрамасының қорғаушысы Ян Вороговский алаңға шықты. 24-минутта Хосе Канте допты қақпаға дәл бағыттады.

Алайда 57-минутта Дино Миканович жасалған соққыны қайтарамын деп өз қақпасына гол соғып алды.

Ал 79-минутта алматылық клуб футболшылары жеңіс голын соқты. Маки Баньяк серб қақпасынан саңылау тапты.

Енді «Қайрат» аталған қарсыласымен сырт алаңда 28 шілдеде қарымта ойын өткізеді. Қос ойынның нәтижесінде басым түскен клуб жарыстың үшінші сатысында 3 және 10 тамыз күндері «Алашкерт» (Армения) және «Шериф» (Молдова) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, екі команда еурокубоктерде бұрынырақ кездескен болатын. 2002 жылы УЕФА кубогы біліктілігінің бірінші раунды аясында "Қайрат" екі ойында да 0:2 және 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді.

Алайда, 2015/16 жылғы маусымда алматылық клуб Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде сенімді реванш өткізді. "Қайрат" сербиялық клубты 4:1 есебімен жеңді.