UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының екі ойыны өткізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алғашқы жұпта «РБ Лейпциг» (Германия) және «Ливерпуль» (Англия) командалары шеберлік байқасты. Бұл ойын Германиядағы коронавирус инфекциясынан сақтық шараларына байланысты Мажарстан астанасы - Будапешт қаласындағы «Пушкаш Арена» стадионында болды.
Ойында ағылшын командасы сапынан 53 және 58-минуттарда Мохамед Салах пен Садио Мане бір-бірден гол соқты. «Ливерпуль» 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, екі команда бұған дейін Чемпиондар лигасында бір-бірімен ешқашан кездесіп көрген емес. Тұңғыш рет болған ойында ағылшын клубының мерейі үстем болды.
Испанияның «Барселона» клубы өз алаңында «Пари Сен-Жермен» командасынан 1:4 есебімен ойсырай жеңілді. Есепті 27-минутта пенальтиден испандық клуб сапынан Лионель Месси ашқан болатын. Бұдан кейін «Пари Сен-Жермен» жартылай қорғаушысы Килиан Мбаппе 32, 65 және 85, Мойзе Кен 70-минутта мергендік танытты.
Қарымта ойындар 10 наурызда болады. Жеңімпаз команда ширек финалға шығады.
Бүгін, 17 ақпанда Чемпиондар лигасы 1/8 финалында тағы екі ойында «Порту» (Португалия) мен «Ювентус» (Италия), «Севилья» (Испания) және «Боруссия Дортмунд» (Германия) командалары кездеседі. Қалған төрт кездесу 23 және 24 ақпан күндеріне белгіленген.