25 мау, 2021 сағат 10:04

«Capital Bank Kazakhstan» салымшыларының депозиті толық өтеледі – агенттік


Лицензиясынан айырылған Capital Bank Kazakhstan» банк салымшыларының депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың кепілдігімен толық көлемде өтеледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

«Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99%-ның депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың кепілдігімен толық көлемде өтеледі», - делінген Агенттік таратқан хабарламада. 

Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 24 маусымдағы №206 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері ауысты. Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін әрекет ететін болады.

Уақытша әкімшіліктің басшысы болып Агенттіктің қызметкері Шолпан Тайшыққызы Тоқсейітова тағайындалды. 2021 жылғы 25 маусымнан бастап ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды.

Агенттік заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен жүгінеді. Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап Банкті ұстауға арналған ағымдағы шығыстармен байланысты талаптарды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың Банкке талаптары тарату өндірісінде ғана қойыла алады.

Барлық қызығушылық танытқан сұрақтар бойынша «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-тың уақытша әкімшілігіне +7 (727) 331 66 77 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Еске салсақ, Қазақстандағы «Capital Bank Kazakhstan» банк лицензиясынан айырылды. 

Сонымен қатар, бұған дейін еліміздегі «Delta Bank» және Tengri Bank банктердің лицензиясы тоқтатылған еді.