20 шіл, 2020 сағат 13:17

«Cамұрық-Қазына» қоры COVID-19-бен күреске қол ұшын созуда

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында коронавирустың өршуіне қарсы күресті күшейтуге ықпал ететін меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде Қор министрлікке 100 жедел жәрдем көлігін, 1000 оттегі концентратын, өкпені жасанды желдететін 50 аппарат, 1000 пульсоксиметр және вирусқа қарсы 3000 «Авифавир» дәрісін тапсырды деп хабарлайды "Ұлт порталы". 


Қол қою рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. Қор ұсынған техниканың, құрал-жабдықтар мен дәрінің барлығы сала министрлігімен келісе таңдалыпты.  

«Бұл шаралардың барлығын ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдады. Өздеріңіз білетіндей, жақында Елбасымен кездесу өтіп, онда ол Қордың ішкі қорынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екі медициналық орталық салуға қаражат бөлуді тапсырды. Бұл орталықтар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналады. Біз жұмысты бастадық, қаражатты резервке салдық», деді Ахметжан Есімов.


Қор басшысы өз сөзінде министрліктен медицина орталықтары бойынша техникалық тапсырма алуды тездетуді, ал аталған қалалар әкімдерінен тиісті коммуникациялары бар жер телімін бөлуді сұрады.

«Денсаулық сақтау министрлігі атынан Қордың көрсеткен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіне және жұқпалы аурулардың, оның ішінде коронавирустың өршуіне қарсы күресте ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал еткеніне алғыс білдіремін. Меморандум қазіргі эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде және қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Алексей Цой. 

«Авифавир» – клиникалық сынақтарда тиімділігін растаған әлемдегі коронавирусқа қарсы екі дәрінің бірі. Бұл дәріні «Самұрық-Қазына» қоры «Ресей тікелей инвестициялар қорының Басқарушы компаниясы» АҚ-нан сатып алды.  Қор басшысы  онлайн-конференция барысында дәріні жасаушы   компания мен оның басшысы Кирилл Дмитриевке осы препараттарды сатып алу мүмкіндігі үшін алғыс айтты. 


Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап коронавируспен күреске белсенді қатысып келеді. Елбасы тапсырмасын орындау үшін қор Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында инфекциялық аурулардың алдын алу және бақылау бойынша екі клиника құрылысын қаржыландырады. Биылғы наурызда қор 6 млн қорғау маскасын сатып алуды қаржыландырды, сондай-ақ экономиканың өсуін нығайту, отандық тауар өндірушілерді қолдау және денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдады.