Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры елімізде зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға белсенді пайдаланып жатқан өңірлерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«8 ақпанындағы жағдай бойынша уәкілетті операторлардан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына нысаналы пайдалану үшін мерзімінен бұрын төлемдерді жүзеге асыруға шамамен 90 689 салымшының өтініші келіп түсті. 50 350 өтініш орындалды және салымшылар уәкілетті операторларда ашылған өздерінің арнайы шотына шамамен 276 млрд теңге мөлшерінде біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) алды. Төлемдердің орташа сомасы 5,5 млн теңге», делінген хабарламада.
Қордың мәліметінше, 73,7 млрд теңгеге жуық 14 мыңнан астам өтініш төлемді жүзеге асыру үшін өңделіп жатыр. Заң талаптарына сәйкес келмеген 26,3 мыңға жуық өтінім қабылданбаған.
«Республика бойынша өтініштердің ең көп саны - 19 209 өтініш (немесе 21,18%) Алматы қаласында қабылданды. Оның 11,3 мыңға жуығы орындалды. Уәкілетті оператор болып табылатын банктердегі салымшылардың арнайы шотына шамамен 69,6 млрд теңге аударылды. Төлемдердің орташа сомасы 6,18 млн теңге. 14,7 млрд теңгеге тағы 2 579 өтініш өңделіп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан 15 371 өтініш (шамамен 17%) қабылданды. 8 698 салымшы арнайы шоты арқылы 45,3 млрд теңгеден астам қаражат алды. Төлемдердің орташа сомасы 5,2 млн теңге. Өңдеуде 10,5 млрд теңге сомаға 2 156 өтініш бар.
Маңғыстау облысында БЗТ алуға 12 757 өтініш қабылданды (14%). 7 062 өтініш орындалды – 61 млрд теңгеден астам қаражат салымшыларға тұрғын үй жағдайын жақсартуға аударылды. Облыстағы төлемдердің орташа сомасы 8,65 млрд теңгені құрады. Жалпы сомасы 21,5 млрд теңге болатын тағы 2 519 өтініш қаралып жатыр», делінген хабарламада.