«БЮРО 100» бастамасы аясында Қазақстанның Азаматтық Альянсы үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің кездесуі өтті. Бұл туралы Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде хабарланды.
Кездесудің мақсаты – «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына үміткерлерді ұсыну үшін азаматтық сектор қозғалысының стратегиясы мен жалпы тәсілдемелерін әзірлеу бойынша «БЮРО 100» бастамасын талқылау.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев жобаның жүзеге асуы үшін жүйелі жұмыстар атқарылу керектігін алға тартты.
«Бүгінгі кездесуге еліміздің және елордамыздың азаматтық секторларындағы тәжірибелі өкілдер, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмыс тобы мүшелері, «БЮРО 100» бастамашыл топтың мүшелері спорт саласының мамандары және БАҚ өкілдері қатысып отырғандықтан салмақты ойлар сарапқа салынады деп ойлаймын. Сондықтан бәріміз бір кісідей ат салысайық», – деді ол.
Басқосу барысында «БЮРО 100» бастамашыл тобының мүшесі Махаббат Есен аталған топтың негізгі мақсатымен таныстырып өтті.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған болатын. Оның мақсаты тәуелсіз елдің дамуына үлес қосқан азаматтарды анықтап, олардың есімдері мен табысқа жету жолын көпшілікке таныстыру. «БЮРО 100» бастамашыл тобы осы жобаны халыққа кеңінен насихаттауға көмек көрсетеді және ел ішінде түрлі салада ауқымды істер атқарып жүрген, бірақ есімдері беймәлім тұлғаларды табуға ақпараттық тұрғыдан қол ұшын береді», – деді.
Жақында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын қолдауға дайын қоғам белсенділерімен кездесу ұйымдастырып, сол кездесу барысында «БЮРО 100» бастамашыл тобының құрылатындығын хабарлаған еді.