15 ақп, 2021 сағат 17:46

Бюджеттің әрбір теңгесі өз мақсатына жұмсалуы тиіс - Тоқаев

Бюджеттің әрбір теңгесі өз мақсатына жұмсалуы тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Прокуратура карантин жағдайында заңдылықтың сақталуына, әлеуметтік және дағдарысқа қарсы бағдарламаларға бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға ерекше мән беруі қажет. Бюджеттің әрбір теңгесі өз мақсатына жұмсалуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы. 

Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті ҚР Бас прокуратурасының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы карантин кезінде полиция мен санитарлық қызмет тарапынан олқылықтар жіберілетін болса, ондай жағдайда прокуратураға бірден қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. 

«Қазіргі кезеңде біз экономикадағы жағымсыз үдерістерді жоюға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты кейде Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл қаражаттың заңды және орынды игерілуі айрықша маңызды. Әсіресе, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу мәселелерін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуге тиіс, – деген болатын Президент.