Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болды. Бюро мүшелері жоғарғы палатаның 17 қарашада болатын отырысының күн тәртібін келісті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенаторлар салық салу және кеден әкімшілендіру мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулерді бірінші оқылымда талқылайтын болды.
Сондай-ақ, палата мемлекеттің негізгі қаржы құжаттарының: «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2017-2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы»; «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы»; «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларын қарайды.
Сенат басшысы еліміздің негізгі қаржы құжаттары болып табылатын заң жобаларының маңыздылығына бюро мүшелерінің айрықша назарын аударды. Қ.Тоқаев сенаторларды бұл заңнамаларды талқылауға мұқият әзірленуге шақырды.
Төраға бюро мүшелерін алдағы парламенттік шаралармен таныстырды. 18 қарашада Сенатта «Қазақстан Республикасындағы биологиялық алуантүрлілікті сақтауды заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтеді. 23-25 қараша күндері еліміздің парламенттік делегациясы Санкт-Петербург қаласында өтетін ҰҚШҰ ПА және ТМД ПАА шараларына қатысады. Нева жағалауындағы қалада маңызды тарихи оқиға – Ресей империясының алғашқы Мемлекеттік Думасына Семей облысынан депутат болған Әлихан Бөкейхановтың бюсті тарту етіледі. Көрнекті саяси қайраткердің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында мерекеленеді.