26 қаз, 2022 сағат 11:43

Бюджет тапшылығын азайту қажет - Қаржы министрі


Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сыртқы қарыздарға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Премьер-министрдің орынбасары Мәжіліс отырысында Қазақстан доллар, еуро және рубльде 23 триллион қарыз алғанын айтты. Бұл соманың 30 пайызы - сыртқы қарыз.

"Бізде 23 триллион қарыз бар, оның 30 пайызы - сыртқы қарыз. Қарыз доллар, еуро, рубльмен алынған. Біз қазір 35-37 пайыздан аспау міндетін қойып отырмыз", - деді қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаев бұл міндетті орындау үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын да айтты.

"Біріншіден, бюджет тапшылығын азайту қажет. Бізде мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бар, қазір бұл тапшылықты 3,3-тен 2,5 пайызға дейін біртіндеп азайтамыз. Тапшылық азайған кезде ол ішкі кірістер есебінен толтырылады", - деді Қаржы министрі.

Оның айтуынша, көлеңкелі экономиканы қысқартып, салық және кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру қажет.

"Автоматтандыру және модернизация процедурасын жүргізу қажет. Бұл жұмыс таяу 1-2 жылда толығымен аяқталады. Ең үлкен мәселе - жүргізіліп жатқан келіссөздер, егер қазір бәрі ойдағыдай болса, шетелдік инвесторлар нарыққа теңгемен кіре алады және валюталық тәуекелдер әлдеқайда төмен болады. Бұл бізге тағы бір мүмкіндік болмақ", - деп түйіндеді сөзін Жамаубаев.