03 ақп, 2021 сағат 10:11

Былтырғы жылға жоспарланған бюджет кірісі артығымен орындалды – МКК

Қазақстанда былтыр мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 102,4%, республикалық бюджет 100,1%, ал жергілікті бюджет 108% орындалды. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслихаты барысында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет басшысының айтуынша, 2019 жылға қарағанда ведомство құзыретіндегі мемлекеттік бюджеттің кірістері пандемияға қарамастан іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалған. Ал республикалық бюджет 608 млрд теңгеге төмендесе, жергілікті бюджет 604 млрд теңгеге өскен. 

«Республикалық деңгейдегі түсімдердің төмендеуі экономикадағы қалыптасқан жағдайға, сондай-ақ пандемияға қатысты шектеулерге байланысты болып отыр», - деді Марат Сұлтанғазиев. 

Комитет төрағасы алдын ала деректер бойынша жалпы ішкі өнім 2,6%, тауар айналымы 14% төмендегенін де қосты. Өткізу бойынша айналым 9,7%, оның ішінде ірі кәсіпорындар бойынша 25% азайған.