14 шіл, 2021 сағат 13:21

Былтыр вакцинаны күттік, биыл қорғанудың тиімді жолы ұсынылды - иммунолог


Аса ауыр созылмалы дертке шалдыққандар да вакцина ала алады. Ақтөбелік иммунолог қорғанудың, асқынуды болдырмаудың тиімді жолын қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иммундау жұмысына әр адам үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Вакцина салдыру арқылы біз өзімізді, жақынымызды қорғаймыз. Адамдар арасында пікір көп. Бір анығы бұған дейін адамзат жұқпалы дертті екпе қабылдау арқылы тоқтатып, жеңе білді. Демек коронавирус инфекциясымен күресте бұл да тиімді жол болмақ. Мен сәуір айында бірінші, мамыр айында екінші дозасын қабылдадым. Алғашқыда дене қызуым көтеріліп, әлсіздік болды. Екінші дозаны қабылдағанда кері әсерін еш сезбедім», - деді №3 қалалық емхананың иммунологі Рая Төлегенова. 

Дәрігер туған-туыстары, жақындары арасында да вакцинаның тиімділігін, адам өміріндегі мән-маңызын түсіндіреді. Түрлі ұжымға барып та кездесу өткізді. 

«Вакцина алған адам коронавирус инфекциясын жұқтырғанда да оны жеңіл өткереді. Түрлі асқыну болмайды. Былтыр жаз айларында күшейіп, қиын жағдайға тап болдық. Сол кезде вакцина болса деп өтінішін айтты. Көбі өкінді. Ал қазір дәл сол сәт туды. Вакцина бар, салдырып, қорғану керек. Яғни, былтыр вакцинаны күттік, биыл қорғанудың тиімді жолы ұсынылды. Адамдар саналы түрде қабылдап та жатыр. Екіұдай ойда жүргендер мамандармен кездесіп, кейін салдырды. Бірақ кейбірі қарсы екенін айтады. Оларға әлі де түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Күйеуім қант диабетіне шалдыққан, жүрегі де ауырады. Ол дәрігерімен кездесіп, вакцина салдырды. Еш асқыну болмады. Мұндай мысал өте көп», - деді Рая Төлегенова.