13 мам, 2022 сағат 15:33

Былтыр қызметкерлері жемқорлыққа жол берген 14 топ менеджер жазаланды – агенттік


2021 жылы квазимемлекеттік сектордың 14 топ менеджері қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты. 

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына өздері мүдделі болуы тиіс, өйткені бұл олардың да жауапкершілігі. Мысалы, өткен жылы квазимемлекеттік сектордың 14 топ менеджері қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін түрлі тәртіптік жауапқа тартылды», - деді Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекет квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шараны қолға алған. Бір көзден сатып алу негіздері айтарлықтай қысқарған.

«2021 жылдан бастап квазимемлекеттік секторда есеп беруді күшейту мақсатында қоғамдық кеңестер құрылып жатыр. Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарының ықтимал субъектілерінің ауқымы кеңейтілді. Оларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті немесе мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты адамдар енгізілді», - деді Сарқұлов.