03 мам, 2020 сағат 19:20

БҰҰ мен АҚШ пандемия кезінде баспасөзді шектемеуге шақырды

Жыл сайын мамырдың 3-іне аталатын дүниежүзілік сөз бостандығы күні коронавирус пандемиясы жайлы ақпараттарды шектейтін елдерде журналистерді қорқытып-үркітумен өтіп жатыр.

Бұл пікірді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео түрмедегі журналистерді босатып, цензураны дереу тоқтатуға шақырған сөзінде айтты. Алайда ол қай мемлекеттерді меңзегенін нақты атамады.

"Пандемия кезінде кәсіби журналистер мен өзге де жазушы адамдарға ой-пікірін ашық айтуға, көргені мен естігенін еркін жазуға мүмкіндік беру керек, – деді Помпео. Оның сөзінше, тәуелсіз медианы қорғау орнына кей үкіметтер әдейі жалған ақпарат таратып, нақты және пайдалы ақпараттарды цензураға ұшаратады, журналистердің қоғам игілігіне пайдалы жұмысын мейлінше шектейді.

Бұған дейін Майк Помпео АҚШ Қытайда коронавирус індеті жайлы ақпараттардың қалай шектелгенін білетінін айтқан еді. "Пекин жаңа коронавирус қалай тарала бастағанын жасырып, жабуға тырысып отыр деп" сөзін түйіндеген ол наурыз айында Қытай билігі АҚШ-тың бірнеше журналисін шығарып жібергенін де еске салды.

Amnesty International баспасөз бостандығы күні қарсаңында Египеттегі БАҚ ахуалы туралы баяндама жариялады. Құқық қорғаушылар Египет билігі соңғы төрт жылда журналистиканы "қылмысқа" айналдырды деп санайды. Мұның әсері COVID-19 дағдарысы кезінде де білінген.

Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерреш коронавирус пандемиясы кезінде тексерілмеген, күмәнді мәліметтердің көбейгеніне назар аударған. "Мұндайға фактілер мен ғылыми талдауларға сүйенген ақпарат таратын баспасөз қарсы тұра алады" деді ол.