14 мам, 2022 сағат 01:21

БҰҰ: Киев облысында мыңдаған мәйіт табылды



Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі кеңесі Ресей әскері Киев облысынан кеткен соң бұл аймақта мыңдаған мәйіт табылғанын хабарлады. Кеңес мұны әскери қылмыс деп есептейді.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Ресей әскері Украинаның Киев облысынан кеткен соң мұнда мыңдаған мәйіт табылғанын, бұл жағдайды әскери қылмысқа жатқызуға болатынын мәлімдеді. "Киевтің солтүстігіндегі аудандардың тұрғындарын жаппай қырғанын қоса есептесек, қырғынға ұшыраған аймақтар көп екені шошытады", - деді Бачелет кеңесте дауыс беру қарсаңында жасаған баяндамасында.

Кеңесте Ресей әскерінің Киев облысындағы елді мекендер мен қалаларды басып алғанда болған оқиғаларды халықаралық тергеу мәселесі талқыланды.

Киев облысы Ресей басқыншыларынан азат етілген соң, 2 сәуірде қалалар мен ауылдарда бейбіт тұрғындардың мәйіті көптеп табыла бастады. Астана түбіндегі Буча қаласында кем дегенде 400 адамды өлтіргені анықталды.

Мәскеу Украинада "бейбіт тұрғындарды жаппай қыру" деректерін жоққа шығарып отыр.

Алайда Ресей әскерилерінің бейбіт тұрғындарды жаппай қырғаны құжаттар мен куәгер сөзімен ғана емес, спутниктен түсірілген суреттермен және бейнебақылау камераларымен де расталып отыр.