29 там, 2019 сағат 12:34

БҰҰ Бас хатшысы Назарбаев сыйлығына қатысты үндеу жолдады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гуттериш «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» табыстау рәсіміне қатысушыларға видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҰҰ Бас хатшысының видеоүндеуін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында жария етті.

«Мен үшін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінде өткізіліп отырған осынау салтанатты шарада сөз сөйлеу зор мәртебе. Ядролық сынақтарды қоса алғанда ядролық қарудан азат әлем БҰҰ-ның қарусыздану саласындағы жоғары басымдығы болып қалмақ. Қазақстан осынау ұмтылыста біздің сенімді әріптесіміз болды және болып қала да береді. Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты осы істегі табандылығы және аталған сыйлықты бекіткені үшін алғысымды білдіремін», - деді Антониу Гуттериш бейнеүндеуде.