Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов арнайы брифинг барысында мәлім етті.
«Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткім келеді. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.
Айта кетейік, брифингте Бектенов Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты.
«20 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заң сәуірдің 5-інен бастап қолданысқа енгізілді.
Аталған Заң аясында әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау құзіреті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бекітілді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу – жемқорлық көріністерінің алдын алудың тиімді құралы.
Агенттіктің тиісті функциясы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Ережеде де көзделген», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.