21 қар, 2023 сағат 18:40

Нұржан Әлтаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: facebook.com/Нуржан Альтаев

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлтаевқа Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыс бойынша айып тағылған.

"Экс-вице-министр 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, М.-дан делдал арқылы жалпы сомасы 115 мың АҚШ доллары және 8 миллион 150 мың теңге ақшаны пара ретінде алды.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен және т.б. дәлелденді" - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі мәліметінше, сотта прокурор айыптауды қолдап, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы ақтауды өтінді.

"Сот балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал қабылдаған антын бұзуы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот үкімімен экс-вице-министр А. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды" - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.