06 сәу, 2023 сағат 12:29

Бұрынғы вице-министр Қаржы министрлігінен 10 миллион теңге өндіріп алды

Фото: primeminister.kz

Астананың Есіл аудандық соты бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның Қаржы министрлігіне қатысты моральдық шығынды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін сот Шкарупаны ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша ақтап шыққан болатын.

Оның Қаржы министрлігін сотқа беруіне сот үкімі бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға қатысқаны туралы айғақтардың болмауына байланысты ақталғаны себеп болған. Сот шешімі бойынша, қылмыстық процесті жүргізген тергеу органдарының заңсыз әрекеттерінен келген зиянды өтеуге құқығы бар деп танылған.

"2018 жылы талапкерді Бас прокуратураның жедел-тергеу тобы қамауға алып, тергеу сотының санкциясы бойынша қамауға алу түріндегі сырттай бұлтартпау шарасымен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қарағанды ​​қаласы Қазыбекби аудандық сотының 2021 жылғы 26 қаңтардағы үкімі бойынша, Шкарупа А.В. ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды", - деді елордалық соттың баспасөз қызметі өкілдері.

2021 жылдың сәуірінде Қарағанды ​​облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырғаны айтылды.

"Сот отырысында Қылмыстық-процестік кодекстің 4-тарауына сәйкес, талапкерді ақтау және келтірілген зиянды өтеу құқығы танылғаны нақты анықталды", - делінген астаналық сот мәліметінде.

Сот Анатолий Шкарупаның талап арызын ішінара қанағаттандырды.

"ҚР Қаржы министрлігінен 10 миллион теңге көлемінде моральдық залал өндірілді. Сот қорытындысы заңсыз қудалауға және қоғамнан оқшаулауға байланысты талапкер "қамау" бұлтартпау шарасын қолдану арқылы моральдық зардап шеккені дәлелденді, - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.

Бұл қаулы заңды күшіне енген жоқ.