03 қар, 2021 сағат 20:02

Бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген қостанайлыққа қатысты сот үкімі шықты


Қостанай облысының Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша, Қостанай қаласының М. есімді азаматы бұрынғы әйелін қасақана өлтіруде айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2021 жылдың 16 маусымында Қостанайда автобус аялдамасының жанында бұрынғы әйелімен ұрыс кезінде сотталушы М. әйелдің кеуде тұсына, іші мен арқасына көптеген пышақ жарақаттарын салды. Әйел алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмған. 

Бұрынғы әйелін өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатында М. өзінің іш қуысына бір рет пышақ салған», - деп түсіндіріп өтті соттан. 

Сотталушының қастықпен адам өлтірудегі кінәсі жәбірленушілер, оқиға куәгерлерінің түсінігі, іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындыларымен дәлелденді. 

«Осылайша, қылмыстық заңның тікелей талабын орындау, сондай-ақ істің нақты мән-жайларын есепке алған сот М-ды қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесінде 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Жәбірленушілердің пайдасына келтірілген моральдық шығын өтемақысы ретінде 10 млн теңге көлемінде ақша төлетілді», - деп қорытындылады соттан. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.