Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған Қазақстандағы президенттік институттың маңыздылығы туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Парламенті 1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті лауазымын бекітіп, бірден-бір шешім қабылдады. Президенттіктің 30 жылдық тарихы сол кездегі таңдаудың дұрыстығын көрсетіп отыр. Ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып, елдің жаңа астанасы бой көтерді. Экономикалық реформалар жемісін беріп, ұлттық валютаны қолданысқа енгіздік. Ұлттық қауіпсіздік жүйесі жолға қойылып, шекара шегенделді. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан мемлекет атанды. Осылайша Қазақстандағы президенттік институт өзінің тиімділігін көрсете білді», - деді Бүркітбай Аяған «Президенттік басқару нысаны. Конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық онлайн-конференцияда.
Мемлекет тарихы институтының директоры өз сөзінде халықаралық конференцияға қатысушылар Қазақстандағы президенттік басқару жүйесінің енгізілгенін – дұрыс шешім екенін айтып жатқанын атап өтті.
«Шешімдердің көбін қабылдау әсте оңайға түскен жоқ. Жоспарланған шаралардың бәрі де іске аса қалды деуге тағы келмейді. Әйтсе де қазір біз халықаралық дәрежеде абыройы бар Қазақстанға ие болып отырмыз. Қазақстан – Біріккен Ұлттан ұйымының мүшесі. Бүгінгі пандемияны әлем де, Қазақстан да еңсеретініне күмәнім жоқ», - деп түйді Бүркітбай Аяған.