05 қар, 2016 сағат 11:49

Бүлдіргі ұғымды баспасөз тұсаулайды

Бүгінде әлем құбылмалы әрі тербелмелі күйді басынан кешіп тұр. Қазақ қоғамының да дүние кеңістігін шарпыған дәл осындай діни-рухани дағдарыстан оқшау қала алмайтыны түсінікті. Қазіргі кезде исламды бағыт-бағдары – бұлыңғыр, мақсат-мүддесі – көмескі ағымдармен байланыстыра көрсетудің нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да теріс ақпараттар кеңінен таралуда. Осының әсерінен исламға сырт әлем, өзге дін өкілдері ғана емес, мұсылмандардың өзі де үрейлене қарайтын дәрежеге жетті. Бұл ретте, неге исламға қатысты рухани-танымдық жұмыстар дұрыс жолға қойылмай келеді, ақпараттық қауіпсіздік тетігі неге мықтап бекімей тұр деген сауалдардың туындауы – заңдылық.

Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталыдан осыған қатысты пікірін сұрағанымызда, ол бертінге дейін қазақстандықтардың, Қазақстандағы мұсылмандардың ислам туралы ақпаратты Ресей телеарналарынан, шетелдік БАҚ-тан алып келгенін алға тартты. Яғни, Амангелді Әбдірахманұлының пайымынша, біздің елімізге «шиизм», «суннизм», «уахабизм», «халифат» деген терминдер солардың түсіндіруімен келген. «Көп уақытқа дейін, тіпті күні бүгінге дейін ақпарат құралдарының әлсіздігінен сол шетелдің, Ресейдің исламға таққан стереотиптерінен біз әлі арыла алмай жүрміз және ол стереотиптерден арылу бізге оңай болмай тұр. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын да, бүгін де лаңкестік әрекеттер исламға телініп айтылады. Сондықтан сыртқы ықпалдың әсерінен де, іштегі өзіміздің бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс­тарының әлсіздігінен де террори­змді, оның бет-бейнесін біз әлі де толықтай ажырата алмай жүрміз»,– деді ол. Сондай-ақ, қоғам қайраткері, өкінішке қарай, біздің психологиямызда мұсылмандардың терроризмге бейімділігі туралы түсінік әлі де сақталып қалғанын, мұны ақпарат құралдарында мұсылмандар туралы жағымды жарияланымдардың жоқтығымен байланыстыруға болатынын мысалға келтірді.

Мәселен, қазіргі таңда еліміздің 70 пайыздан астам халқы мұсылман деген ресми дерек бар. Ал Дін істері комитетінің ұдайы жүргізіп отыратын зерттеуі бойынша, шамамен 400 мыңға тарта адам, яғни ел тұрғындарының шамамен, 10-15 пайызы тұрақты түрде жұма намазға және мешіттегі бес уақыт намазға қатысып, құлшылық амалдарын орындайды екен. «Біздің мем­лекетіміздегі халықтың 71 пайызға жуығы – мұсылмандар. Олар – түрлі мамандық иелері. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, ғалымдар, құрылысшылар, кәсіпкерлер, депутаттар, саяси қайраткерлер, студенттер мен оқушылар. Олардың барлығы 2009 жылғы халық санағы бойынша өздерін мұсылманбыз деді. Ал енді қазіргі біздің бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, орамал тартқанның барлығы, сақал жібергеннің барлығы күдік тудырады. Халық арасында осындай түсінік қалыптасып отыр. Бұл – мұсылмандар туралы сырттай да, іштей де, яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалына байланысты қалыптасқан үрдіс», – дейді Амангелді Айталы.

Сонымен қатар, ғалым мұсыл­мандар туралы жағымды ақпараттар, мәселен, олардың тарапынан атқа­рылатын қайырымдылық істер бүгінде БАҚ-та әлі жарияланбайтынына ренішін білдірді. «Тіпті, ауылдағы мұсылман халық­тың ерекшелігі, қаладағы мұсылмандардың тұрмыс-салты мен тыныс-тіршілігі туралы мәлімет те бізде жоққа жақын. Неге біз мемлекетіміздің мұсылман ел екенін, осы мұсылмандардың бәрі өте бейбіт қалыпта тұрмыс кешіп жатқанын, олардың бойындағы мейірімділігін жазбаймыз, неге көрсетпейміз?», – деді ол.

Сондай-ақ, Амангелді Әбдірах­манұлы діни қайраткерлердің де көбіне ресми жағдайларға байланысты ғана жиынға қатысатындығына өз ойын білдірді. «Олар тек діни мерекелерге байланысты ғана жұрт алдына шығады. Яғни, тек дінді насихаттаушы ретінде ғана көрінеді де, ал кеңінен, ұзағынан ақпарат беруге келгенде өте сараң. Жалпы, ислам қызметкерлері халықпен жұмыс істеуге, олардың мәселесін шешуге ат салысып жүр ме, әлде құлықсыз ба, психологиялық көмекті қалай беруде, халықты тығырықтан, тұйықтан шығаруға жол көрсетіп отыр ма? Міне, осы мәселелер ойландырады. Себебі, еліміздегі басқа да діни ұйымдар бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп келеді және ол жұмыстарды айшықтап көрсетуге тырысады. Осы тұрғыдан алғанда, бір жағынан, діни қайраткерлердің белсенділігінің аздығы көңіл көншітпесе, екінші жағынан, әлі де болса біздің санамызға атеизмнің қалдықтары терең ұялап, дін десе оның экстремизм, терроризм деп қабылданатыны, соның әсерінен, көптеген мәселеге бұқаралық ақпарат құралдарымыздың бетінде, теледидарда ашық орын берілмей жататыны әрине, өкінішті», – деді қоғам қайраткері.

Әрине, қауіптің іштен ғана емес, сырттан да басым болатыны белгілі. Бұл орайда, ғалым сыртқы ықпалдың да әсерін естен шығармау керектігін тағы бір еске салды. «Мәселен, АҚШ пен Еуропа әлі де исламды қор­қынышты, адам шошытатын дін тұрғысында етіп көрсетіп, үрей­лендіріп, бұқаралық ақпарат құрал­дарында түрліше ақпараттар таратуда. Еліміздегі кейбір басқа дін өкілдері, мәселен,   Еуропа мен АҚШ саясаткерлері тәуелсіздік алып, тарихи дініне оралған қазақтарды басқа дінге қарай бет бұрғызуға әрекет етуде. Демек, мәселе – тереңде. Осы тұрғыдан келгенде, біз мойындайық, мойындамайық, әлемде дінаралық бәсекелестік өте үлкен қарқынды жүріп жатыр. Ал бұл бәсекелестікте біз, өкінішке қарай, әзірге ұтылып келеміз және біздің Қазақстан бұл жағдайда ұтылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл бағытта белсендірек жұмыс жасаса, кейбір теріс ағымдардың да өзінен өзі беті қайтарылар еді», – деді сөзін түйіндеген Амангелді Айталы.

Әрине, дүние жүзінің көп елінде ислам әлемі өркениеті мен мәдениеті жан-жақты көрсетілетіні, түрлі салалар бойынша қол жеткен жетістіктер кеңінен насихатталатыны белгілі. Мәселен, кейбір сарапшылардың пайымынша, ислам діні «терең дағдарысты» бас­тан кешіп жатқан жоқ. Бар мәселе – ислам діні, мұсылман әлемі төңірегіндегі дүниелердің дұрыс көрсетілмеуі мен насихатталмауында. Сондықтан, бұл үрдіс дұрыс арнаға бет бұрса, исламды өзінің мақсат-мүддесіне пайдаланғысы келетін теріс ағымдардың әрекеттері де біртіндеп бұғаулана түсер ме еді…

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»