04 мам, 2022 сағат 16:53

Бұл референдум халықтың билікке деген сенімсіздігін азайтады – Айдос Сарым


Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдум қоғамдағы сенімсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді. ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Айдос Сарым осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы референдум өткізу маңызды қадам болмақ. Соңғы рет 1995 жылы референдум өткен еді. Соңғы әрі алғашқы рет сол кезде өтіпті. Қазір көбіміз референдум дегеннің не екенін ұмыта да бастадық. Сондай-ақ қоғамдағы сенімсіздік бойынша да мәселелер бар. Сондықтан Конституцияға түзетулер енгізу мен бүкілхалықтық референдум өткізу маңызды. Бұл түзетулерді Парламент арқылы өткізу оңай болар еді. Бізде ондай процедура бар және қолданылған. Бірақ бұл қолға алынған реформаларға жаңа леп беру үшін, мемлекетті басқару ісіне халықты араластыру үшін, Екінші республиканы іске қосу үшін қажет символикалық қадам. Қазір қолданып жүрген Конституция референдумда қабылданғанын білеміз. Бірінші республиканың негізін сол конституция қалаған еді. Егер Екінші республиканы құру халықтың өз қалауын білдіруден басталса, қоғамды топтастыра алады деп олаймын. Референдум қоғамға да, билікке жағымды серпін береді. Өйткені үлкен құндылықтар төңірегінде, елдің жүйеқұраушы құжатының айналасына топтасуға мүмкіндік туындайды», – деді Айдос Сарым. 

Мәжіліс өкілі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық түзетулердің пакеті мемлекеттік басқару саласын теңгерімге келтіруге бағытталған. 

«Президент өкілетінің бірқатар финункциясы Парламентке беріледі. Азаматтардың құқықтарын қорғайтын жаңа орган – Конституциялық сот құрылады. Ол орган сот жүйесінің ең жоғарғы сатысына айналады. Бұл жерге азаматтар заңға, омелекеттік органдардың нормативтік шешімдері бойынша шағым түсіре алады. Осылайша Конституция тікелей әрекет заңына айналып, азаматтар конституциялық құқықтары шектелді деп есептесе, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Жоғары аудиторлық палата құру да маңызды. Ол бюджет қаржысының жұмсалуы барлық деңгейлерде қадағалайды. Қазіргі таңда тіпті Мәжілістің өзінде өңірлердегі бюжет қаражатының жұмсалуы туралы ақпаратты сұратуға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін бақылауға құқығы жоқ», - деді депутат.