Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қазақстандықтардың теңгелік депозиттеріне төленетін 10 пайыздық мемлекеттік сыйлықақыны алып тастау туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жамалов теңгелік депозиттер бойынша сыйлықақыны алып тастау туралы ұсынысы, банктердің мүддесін қолдайтын комментаторлар мен сарапшылар сынына ұшырағанын айтты.
Өйткені, депозиттерді өтеу туралы шешім азаматтар мүддесіне емес, тегін олжа болып табылатын қосымша 700-800 миллиард айналым қаражатын алатын банктердің мүддесінен туындап отыр, осы қаражатты олар Қазақстан бизнесі мен халқына тонаушылық пайызбен таратады немесе 13,5 пайызбен Ұлттық банктің ноталарына салады. Бұл ақшаны олар бюджеттен, салық төлеушілер есебінен алатынын ерекше атап көрсеткім келеді. Ал бюджет ақшасы - бұл, бірінші кезекте, халықтың ақшасы", - деп жазды Аманжан Жамалов Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, бірінші кімге не өтелетінін түсіну керек. Өтелуге жататын депозиттер бойынша жоғарғы шек 20 миллион теңгеден басталады.
"Яғни, әңгіме мүлде кедей емес адамдар туралы болып отыр. Бұл ақылдысымақтар не үшін бюджет ақшасын бай адамдарды қолдауға жұмсау керек екенін түсіндірсін.
Кез келген девальвацияның негізгі жағымсыз тұсы - бұл бағаның өсуі. Дегендей, бұл іс жүзінде кедейлерге салынатын салық. Әрі егер кімде-кім мемлекеттен өтемақы алуға тиіс болса, бұл кірісі төмен отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер. Сондықтан да, әлеуметтік төлемдерді - зейнетақыларды, жәрдемақыларды, атаулы көмекті басымдықты түрде индекстеу қажет", - деді ол.
Сонымен қатар, депутат оның ұсынысымен келіспегендер азаматтардың зейнетақы жинақтарын теңге бағамының құлдырау деңгейіне өтеу туралы мәселе көтермей отырғанын айтты.
"Оның жауабы өте қарапайым. Бұл банктердің өзіне ешқандай тікелей дивидендтер бермейді. Банктерге келетін болсақ, олар елде болып жатқан қаржылық сұмдыққа тікелей қатысушылар. Банктер халыққа қос таңбалы пайызбен асыра кредит беріп тастаған. Банктер валюта нарығындағы бағамды шайқап отыр. Банктер бюджеттен субсидия алып, Ұлттық банктің ноталарынан қосымша табыс тауып отыр. Бәлкім, қазір банктер елдегі ең ұтымды жағдайда шығар", - деді Аманжан Жамалов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов мемлекеттен қазақстандықтардың теңгелік депозитіне 10 пайыздық сыйлықақы төлеуге қарсы шыққан болатын.
554 рет оқылды