Президент Анджей Дуда Польшаның Пшеводув ауылына ракетаның құлауын "қасақана жасалған шабуыл емес" деп атады. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
15 қарашада Польшаның Пшеводув ауылына ракета құлап, екі адам қаза тапқан еді. Дуда бұл ракета Украинаның зымырандарға қарсы жүйесіне ұшырылуы мүмкін деп отыр.
Польша президенті "бұл жағдайға 15 қарашада Украинаны ракетамен атқылаған Ресей жауапты" деді.
Кеше, 14 қарашада Ресей Украинаның 12 аймағы мен Киев қаласын ракетамен атқылаған. Украина қарулы күштері Балиде "Үлкен жиырмалық" саммиті өтіп жатқан тұста Ресей ракетамен шабуыл жасауы мүмкін деген еді. Кешкісін Польшаға да ракета құлағаны белгілі болған.
АҚШ президенті Джо Байден де "Польшаға түскен ракетаны Ресей атуы екіталай" деген. Ал Associated Press агенттігі Пшеводув ауылына түскен ракета Украинаның зымыраннан қорғау жүйесінен жіберілуі мүмкін деп жазған.
Ал Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков ресейлік мамандар Польшада ракета құлаған жердің фотосын тексере келе, ракета украиналық әскерилерге тиесілі екенін анықтады деген.