05 қыр, 2018 сағат 11:00

5 қыркүйек тіл мерекесі болып белгіленді

Қазақстан халқының тілдері күні Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен сәйкес келіп отыр, сондықтан бұл еліміз үшін қуанышты жағдай. Бұл жайында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек тілдер күніне орай Алматыда өткен конференция барысынада айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сонымен қатар ол, дәл қазіргі кездегі тілдік реформаға тоқталып, атқарылып жатқан істер жайында айтып өтті.

«Қазіргі біздің басты мақсатымыз тілге өзінің тартымдылығын, әуезділігін қайтару. Кезінде қазақ тілі ең әуезді тілдердің қатарына енген. Бүкіл түркі халықтары ішіндегі ең бай, ең таза әрі көне тіл деп есептелді. Сондықтан тілшілердің басты мақсаты, жұмыс жоспары Ахаңның іліміне оралу. Кезінде көптеген ғалымдар қазақ тіліне, филологиясына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеген, яғни қалай емле жасау керек, қандай грамматикамыз болу керек, терминдерді қандай заңдылықтарға сүйене отырып жаратуымыз керек. Міне бұлардың барлығы жоғары деңгейде жазылған, «тайға таңба басқандай» етіліп бізге аманаттап бірілген. Қазір біз осыларды терең зерттеуіміз керек», - дейді Ерден Қажыбек.

Сөз арасында ол қазір латын әліпбиі бойынша қазақ тілінің емлесі жасалып жатқанын және жақын күндері халықтың талқысына ұсынылатынын жеткізді.

«Кирилл жазуындағы әліпбиде дыбыстар екі есе көп болды. Бұрынғы емле ережесі тек қазақ тілінікі емес, қазақ-орыс тілінікі болды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуінің негізгі себебі де сол қазақ тілінің төл дыбыстарына сәйкес әліпби жасау, соған сай келетін емле ережені жасап, тілімізді одан ары көркейту. Ол үшін өзіміздің асыл мұрамызды зерттеуіміз керек, зерттегеннен кейін тәжірибеге енгізуіміз қажет. Бұл оңай шаруа емес, жалпы қазақ тілі емлесіне қатысты ешқандай мәселе туындап отырған жоқ, тек кірме сөздерге қатысты түрлі қиындықтар болып отыр. Біз оларды өз сөзіміз ретінде айта береміз, бірақ олар тіліміздің заңдылықтарына бағынбайтын сөздер», - деді ол.