Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер мен сарапшылар клубының кеңейтілген отырысында С.Демирел университетінің профессоры Молдияр Ергебеков айтты. Масс-медиа және кино зерттеушісі шарада конвергентті журналистика жайында әңгімеледі.
– Конвергенция дегеніміз бір-бірімен байланысы жоқ салалардың бір-біріне ықпал ете отырып бір бағытқа келуі. Экономика саласында пайда болған бұл термин журналистің практикасына 90-жылдары келді. Конвергентті журналист материалды толықтай өзі дайындап шығады. Ол видео түсіре алады, мәтін жазады, дыбысты көшіреді, сондай-ақ монтаждау жұмысынан хабары бар, графика мен дизайн жасай алады. Бүгінгі журналистика тілшіден конвергентті біліктілікті талап етеді. Журналистика факультетіне түсуге қазақстан тарихы, қазақ тілі, әдебиет пәндерінен алған бағалары есептелінеді. Алайда журналистика деген филология емес қой. Журналистика – біраз әлеуметтану, антропология, біраз саясаттану және экономика. Мектепте Адам және қоғам деген пән бар. Олай болса, бұл факультетке тапсыратын түлектердің балы осы пәнмен есптелуі тиіс деп ойлаймын, – деді М.Ергебеков.
Жоғары оқу орнына келгенде Журналистика тарихы, Журналистика жанры сияқты конвергенцияға апармайтын пәндерді оқытады дейді профессор. Елдегі журналистика факультетінде оқытатын пәндердің компонентін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасайды. Молдияр Ергебеков оның демократиялық болғанын дұрыс деп есептейді.
– Қазақстанда журналистикадан білім беретін 28 оқу орны бар. Меніңше, қай пәндердің міндетті, қайсысының таңдамалы болатынын сол бөлімдердің оқытушыларымен біріге отырып шешу қажет. Тілшіге заманауи маман болуды үйретін біз, ұстаздар жан-жақты болуға тиіспіз. Word-та теруді білмейтін әріптестеріміз бар. Қоғамда «жаңа технология – жастардың ісі» деген көзқарас қалып қойған. Жасы келген сайын адам технологиядан алыстау керек сияқты. Жоқ, керісінше оқытушылар болашақ журналистерге соны үйрете алуы қажет. Ковергентті бола алу үшін батылдық керек. Батылдықты журналист қайдан алады? Аудиториядан. Егер ұстаз қатал болса, онда ол жақсы ұстаз деп ойлаймыз. Меніңше, жақсы ұстаз – студентті тыңдай алатын, оған сөз құқығын бере алатын адам. Сонда ғана болашақ журналистер конвергентті болу үшін бойынан батылдықты таба алады, – деп профессор сөзін аяқтады.
Ал блогер Ринат Балғабаев әлеуметтік желіні БАҚ-пен бәсекеге түсе алатын деңгейге жетті деп есептейді.
– Таңертең ояна сала тісімізді жумаймыз немесе төсегімізді жинауға асықпаймыз. Сипаланып жүріп смартфонымызды іздейміз де, интернетін қосып, әлеуметтік желіні қарап шығамыз. Қазір дәстүрлі журналистика пойыздағы соңғы вагон сияқты. Қоғамда бір оқиға бола қалса, ол ең алдымен әлеуметтік желі арқылы тарайды. Фейсбук, Инстаграм жедел ақпарат алатын орталыққа айналды. Астанадағы құрылысшыларға байланысты дау болғанын білесіздер. БАҚ өкілдері ол туралы қанша рет жазса да, бір ғана адамның әлеуметтік желідегі жазбасы шуды басты. Ол қала әкімі Әсет Исекешевтің Фейсбук парақшасында «қазір ғана оқиға болған жерге келдім, шаруаны реттедік» деген сөзі болатын. Яғни желіні жұмыс бабымен де дұрыс пайдалануға болады екен.
Р.Балғабаев блогер мамандық емес, хобби екенін айта келе Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының статистикасын баяндады.
– Жастардың желісі Вконтактені 12 млн 446 мың адам қолданады. Одноклассникиге Қазақстанның 10 млн 356 мың азаматы тіркелген. Елімізде аса танымал Инстаграм желісін 3 млн 500 мың адам қолданса, оның 69 пайызы әйелдер. 25-45 жас аралығындағы азаматтар белсенді қолданатын Фейсбукте 2 млн 100 мың адам отырады. Ал Твиттер әзірге 120 мың қолданушыға қанағат етіп отыр. Бір айда 3,5 млн адам 45 млн жазба қалдырады екен. Енді қараңыз, «Казахстанская Правда» газетінің сайтына 6000 адам тіркелген. Менің Телеграм парақшамда әр жазбамды 8 мың адам оқиды. Демек мен бір газеттің не бір сайттың аудиториясын алмастырып отыр екенмін. Динара Сәтжанның парақшасын аптасына 1 млн адам қарайды. Динара бүтін бір редакция еңбек еткен жұмысты алмастыра алады. Сондай-ақ адамдар газет, сайттан гөрі әлеуметтік желіде белсенділерге көбірек сенеді. Сондықтан әлеуметтік желіге сүлесоқ қарауға болмайды, – дейді блогер.
Сонда әлеуметтік желінің артықшылығы қандай?
– Әлеуметтік желі ақпаратты оқырманға түсінікті тілде жеткізе алады. Қазір ешкім ұзын-сонар мәтінді оқып отырғысы келмейді. Әсіресе бәріміз видео қарағанды жақсы көреміз. Телевидение, газет, сайтқа қарағанда аудитория тарту өте арзан. Аудиторияңыздың жас мөлшері мен қызығушылығын нақты білесіз. Сондай-ақ өзіңіз өшіріп тастамайынша жазбаңыз сақталып тұра береді. Меніңше, журналистер блогерлерге бұрын шүйіріп қарағанша әлеуметтік желінің артық тұстарын көре біліп, пайдаланып қалуы қажет, – деді Р.Балғабаев.
Айта кетсек, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер мен сарапшылар клубының кеңейтілген отырысы өткен болатын. TEDx форматында өткен жиында кәсіби журналистер өздері жұмыс істеп жатқан саланың бүгінгі келбетін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ «Қазақстану» жобасын жүзеге асыруда біршама ұсыныстар білдірді.