10 қаң, 2021 сағат 09:28

Бүгінгі сайлау Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін береді – Мәулен Әшімбаев

Бүгінгі сайлау Президентіміздің әлеуметтік-экономикалық бастамаларын табысты жүзеге асыруға және Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін береді. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін ел дамуындағы маңызды күндердің бірі. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде бұл сайлаудың бұрынғылардан жөні бөлек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бірқатар саяси реформалардың алғаш рет осы науқанда іске асырылып жатқанын да жақсы білеміз. Соның ішінде партиялық тізімдерге әйелдер мен жастарға арнайы 30 пайыздық квотаның енгізілуін, парламенттік оппозиция институтының заңмен бекітілуін және саяси партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілуін ерекше атап өтуге болады», - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Сонымен қатар Сенат спикері бүгінгі сайлау Президентіміздің әлеуметтік-экономикалық бастамаларын табысты жүзеге асыруға және Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін береді деп сенетіндігін баса айтады. 

«Ол үшін азаматтарымыз дауыс беруде белсенділік танытуы қажет. Мен де бүгін сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым. Дауыс беру – әрқайсымыздың азаматтық құқығымыз және борышымыз. Бұл – әр азамат үшін мемлекеттің дамуына ықпал ететін мүмкіндік. Сол себепті, еліміздегі барша сайлаушыларды осы мүмкіндікті жібермей, саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамын», - деді Мәулен Әшімбаев.