Бүгін Қазақстанда Отан қорғаушы күні атап өтіледі.
26 жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қарулы күштерді басқаруды президент өз мойнына алды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан "7 мамыр — Отан қорғаушылар күні" деп жарияланды.
2012 жылғы 3 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрығы негізінде «Отан қорғаушы күні» бекітіліп, оның құрметіне 2013 жылы Астанада тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Оған 7 мыңнан астам әскери қызметші, 400 бірліктен аса әскери техника, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған еді.
ҚР Қарулы Күштері құрылғалы бері Қорғаныс министрлігінің басшылығында Сағадат Нұрмағамбетов (1992-1995), Әлібек Қасымов (1995-1996), Мұхтар Алтынбаев (1996-1999 және 2001-2007), Сәт Тоқпақбаев (1999-2001), Даниал Ахметов (2007-2009), Әділбек Жақсыбеков (2009-2014), Серік Ахметов (2014), Иманғали Тасмағамбетов (2014-2016) болды. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл жауапты міндетті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов атқарып келеді.
Дәстүр бойынша мейрам қарсаңында президент әскери атақтар мен жоғары шендер беру туралы жарлық шығарып, ерен еңбегімен ерекшеленген үздіктерді марапаттады.
Биыл Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңіске арналған әскери шеру Жамбыл облысындағы "Отар" әскери базасында өтті.