15 мам, 2025 сағат 09:33

Бүгін – халықаралық отбасы күні: Отбасы құндылықтарын қалай сақтаймыз?

Фото: egemen.kz
15 мамыр күні жыл сайын әлем халқы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Дегенмен бұл тұрғыда біздің елдің өз мерекелік күні бар. Яғни қазақстандықтар көбіне қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күнін мерекелейді. 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 123,6 мың неке тіркеліп, соңғы 5 жылда ажырасу көрсеткіші 48%-ға кеміген екен. Некелесу 2023 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өсіпті. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш отбасылық құндылықтардың нығайып, азаматтардың болашаққа деген сенімі артып келе жатқанын білдірсе керек.

Халықаралық мерекенің тарихы


БҰҰ 1993 жылы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде белгіледі. Бұл бастаманы Қазақстан да қолдады. Ал 2013 жылдан бастап елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні болып бекітілді. Бұл – отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттің маңызды қадамы.

Содан бері елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар белсенді түрде қолға алынып келеді. Мақсат – бала тәрбиесі, өзара түсіністік пен көпбалалы, әлеуметтік осал отбасыларды қолдау мәселесіне қоғам назарын аудару.

Отбасы күнін атап өту – шынтуайтында, дәстүрді сақтау, жақындарға қамқор болу және үйлесімді отбасылық қарым-қатынастың маңызын білдіретін символға айналды.

Сондай-ақ жыл сайын 15 мамырда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталып, оның жеңімпаздарын Отбасы күні қарсаңында марапаттау да игі дәстүрге айналды. 

Әлеуметтік қолдау шаралары


Бүгінде елімізде бала тәрбиелеп отырған отбасыларды кешенді түрде қолдауға бағытталған тиімді модель қалыптасқан. Бұл жүйеге мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салықтық жеңілдіктер және азаматтардың өмірінің барлық кезеңдерін қамтитын әлеуметтік қорғау тетіктері кіреді.

2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы 1,1 миллионнан астам азаматқа жалпы сомасы 622 миллиард теңге көлемінде төлем төленді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға жоғары.

Бұған қоса, мұқтаж отбасылар жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын үймен және қосымша әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар елімізде қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Отбасы институтының рөлі қандай?


Бүгінде қоғамда күрделі психологиялық ахуалды басынан кешіріп отырған отбасылар аз емес. Мамандардың пайымдауынша, бұл жағдай әлеуметтік, экономикалық, тіптен саяси себептермен, сондай-ақ халқымыздың сан ғасыр бойы жасап келген ұлттық тәрбие институты рөлінің төмендеп кетуімен байланысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының жетекші маманы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Майра Қабақова қазақ отбасындағы қарым-қатынасты зерттеудің маңызы артып тұрғанын атап өтті.

Оның айтуынша, отбасыдағы ұлттық тәрбие қашанда зиялы қоғам қалыптастыруда үлкен рөлге ие екен. Ал өнегелі отбасы – қашанда тәрбиенің басындағы бұлақ іспетті. Өзекті өртейтіні сол, еліміздің ажырасу көрсеткіші жөніндегі әлемдік рейтингте алдыңғы ондықтан орын алғаны алаңдатып тұр.

Профессор М.Қабақова жас отбасылардың алғашқы жылдары-ақ, ал ерлі-зайыптылардың 20-25 жылдан кейін ажырасуының себептерін психологиялық тұрақсыздықпен байланыстырады. Оның айтуынша, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерін саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да қарастыру қажет.

Ғалым халқымыздың бай рухани мұрасы мен дәстүрлерінің де мәнін атап өтті. 

«Көнеден келе жатқан тәрбие үлгілері мен дау-дамайларды ақсақалдар мен билер арқылы шешу мәдениеті бүгінде жетіспей отыр. Жаһандану жағдайында бұл сабақтастық үзіліп, ұлттық өнегені жеткізуші ата-әжелердің қатары да сиреген. Мәселен жер дауы, жесір дауы, рулар арасындағы түсініспеушілік пен талас-тартыс алқа билердің араласуымен шешіліп отырған. Қысқасы, шиеленіскен дау-дамайды бір ауыз сөзбен шу шығармастан шешіп тастайтын данагөй ақсақалдар қалмай барады.
Сондай-ақ қазіргі жастардың көпшілігі сауатты қарым-қатынас орнатуға, отбасылық жауапкершілікті сезінуге дайын емес. Бұл өз кезегінде зорлық-зомбылықтың артуына, отбасындағы шиеленістің күшеюіне әкеліп отыр», – дейді профессор. 


Жалпы, Майра Қабақова бұл салаға қатысты зерттеулерін жеті монографияға топтастырыпты. Осыдан-ақ отбасы тақырыбы өте күрделі мәселе екенін аңғаруға болады. Ғалым шәкірттерімен бірлескен зерттеу ісін жалғастырып келеді. 10-нан астам мақала мен 300-ден аса ғылыми жарияланым жарық көріпті. Бұл цифрлардан байқағанымыз, отбасы тақырыбының терең зерттеуге зәру сала екені айтпаса да түсінікті шығар.

Балалары жыраққа кеткен отбасылар көп ажырасады


Зерттеулерге сәйкес, 20-25 жыл отасқан отбасылар балалары үйден кеткен соң, яғни ерлі-зайыптылар екеуден-екеу қалғанда, өзара қарым-қатынасты сақтай алмай ажырасып жатады. Бұл – қоғамдағы күрделі құбылысқа айналып отыр. Мұндай үдеріс отбасы мүшелеріне психологиялық ауыртпалық түсіріп қана қоймай, қоғам дамуына да кері әсер етеді.

«Ажырасудың түпкі себептерін тереңнен іздеу қажет. Туыстар арасында сауатты қарым-қатынас орнату, ата-баба тарихына құрметпен қарау, шежіре сабақтастығын сақтау маңызды. Сонымен қатар дамыған елдердегідей университеттер жанындағы қоғамдық орталықтар үлгісінде ересектерге, ата-әже атанатын жандарға арналған отбасылық оқыту курстарын дамыту қажет», – дейді психология ғылымдарының кандидаты, профессор М.Қабақова.


Депутаттар не дейді?


Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдарының бірінде еліміздегі отбасы институтының әлсіреп жатқанына алаңдап, ажырасудың алдын алу мәселесін көтерген. Оның айтуынша, қазіргі уақытта отбасы құндылықтары үлкен дағдарысты бастан кешіріп отыр.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркеліп, оның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Сонымен қатар, бейресми түрде тіркелмеген, бірақ өмірде жолы екіге айырылған отбасылар саны да аз емес. Бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың ер азамат жалғызбасты ата-ана ретінде тіркелген», – дейді депутат А.Назаров.


Депутат отбасының күйреуін жеке трагедия емес, ел болашағына тікелей әсер ететін қауіп деп бағалап, Премьер-министрге төрт нақты ұсыныс жолдаған-ды.

Біріншіден, ажырасуға байланысты мемлекеттік баж төлеу тәртібін енгізу; 

Екіншіден, жұптарды сотқа дейін татуластыру үшін ардагерлер, имамдар, әйелдер кеңесі сияқты жергілікті кеңестерді тарту; Бұл – ұлттық дәстүр мен заманауи тәсілдің үйлесімді үлгісі болмақ.

Үшіншіден, жас отбасыларды кешенді қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу;

Төртіншіден, жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, несиеге той жасау үрдісінің алдын алу үшін «Қарапайым той – берекелі отбасы» атты ақпараттық науқан бастау ұсынылды.

Қысқасы депутат ажырасу – тек екі адамның емес, тұтас ұрпақтың тағдырына әсер ететін, ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты мәселе, екенін алға тартты.

Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Отбасы күнінің болғаны дұрыс деген пікірде. 

«Кез келген қарым-қатынастарды, оның ішінде отбасы құндылықтарын сақтау мақсатында ақпараттық, түсіндіру жұмыстарды, бұл бағытта көмек болатын кейстерді, белгілі бір институттарды, қоғамдық байланыстарды енгізу – бұл мемлекеттің тікелей міндеті екенін түсінуіміз керек. Бұл – мемлекет, мемлекеттік қызметкер, я болмаса қоғамдық ұйымдар, жекелеген отбасылар, мектеп сынды әрбір сатыдағы институттардың жұмысы. Сол себептен еліміздегі бұл жұмыстарды күшейту керек. Проблема жоқ емес, бар. Ажырасудың саны азаймай отыр. Әлі күнге дейін балаларын жетімдер үйіне тастап кететін отбасылар бар», – дейді депутат. 


Сондай-ақ ол кез келген дамыған мемлекеттердегідей бізде де жас отбасыларға, орта жастағы отбасыларға көмек-қолдау көрсететін орталықтардың болуы қажет. Сонымен қатар Елнұр Сабыржанұлы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да психологиялық қолдау ауадай қажет және осы бағыттағы жұмыстарға жан бітірген жөн екенін алға тартты. 

«Былтыр қабалданған ана мен баланы, кәмелетке толмаған адамдарды қорғау бағытында қабылданған заң да осы саладағы үлкен жетістіктің бірі. Әрине, бұл заң өз деңгейінде орындалып жатыр. Мәселен бұған дейін күйеуі әйеліне немесе әйелі күйеуіне қандай да бір зәбір көрсетіп, жарақат салып, зорлық көрсететін болса, арыз жазған жағдайда ғана іс қозғалатын. Ал қазір мұндай факт арызсыз-ақ бірден тіркеліп, қылмыстық іс қозғалады. Егер салған жарақаты ауыр болып бағаланса, күдіктіні бірден қамайды», – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс депутаты.


Оның айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нормалар жұмыс істеп жатыр.


Жасұлан Бақытбек