11 қаз, 2018 сағат 11:12

Буддист Абайдың сөзін ұмытпауға шақырды

Қытай буддистері Қауымдастығы төрағасының орынбасары Чунь И қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңін мысалға келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Буддизмнің ілімі бойынша барлық адамдар бір-біріне жанашырлықпен қарап, заңдарды бір-біріне қайшы қоймауы тиіс. Бірлік дегеніміз - адамның жаны мен тәні біртұтас болуы керек. Сол сияқты жеке адам мен қоғам бір-бірінен ажырамауы тиіс. Қайырымдылыққа бет бұрып, әділетке ерік берген жағдайда ғана біз адами қағидаттарды түсіне аламыз. Міне, буддизм ілімінің негізгі қағидаттары осы», - деді Чунь И Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аясында өтіп жатқан «Жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретіндегі «Манифест. ХХІ ғасыр»» тақырыбында өткен отырыста.

Чунь Идің айтуынша, әлемдегі діндердің бәрі әртүрлі болып келгенімен, олардың адамға деген қамқорлық барлық діндердің түпқазығы.

«Өзіңе тілемегенді өзгеге тілеме - Будда бізге осындай сабақ берді. Яғни, өзің қандай бақытты болғың келсе, өзгеге де сондай жақсылық жасауға тырыс деген мағынаны білдіреді. Барлық мәдениеттер мен діндердің үндеуі бір ғана ортақ нүктеге түйіседі. Барлығы да адамның жақсылығына, бақуаттылығына негізделуі тиіс. Адасудан алыс болғанымыз абзал. Абай Құнанбайұлы «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» дегендей әрқайсымыз жақсылықты өзімізден бастайық. Бүкіл адамзаттың жарқын болашағы - әр адамның жақсылық жасауынан басталады», - деді Чунь И.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада кеше басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда. Съездің мәртебелі мейманы - Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич. Жаһандық шараның басты және негізгі тақырыбы - «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін».

Съез барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеген еді.