Будапешт қаласында Абайдың 175 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Будапештте Қазақстан Республикасының Елшілігі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы делегациясының қатысуымен қазақ ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында «Әлем таныған Абай» кітап-иллюстративті көрмесі мен «Абай әлемі» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Мажарстан мен Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымының, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ортасының өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы бастаған абайтанушылар, қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйреніп жүрген мажарлық студенттер қатысқан іс-шара Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Өкілдігінің ғимаратында өтті.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Қазақстан мен Мажарстан арасында саяси-экономикалық қарым-қатынастар ғана дамып қоймай, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды ілгерілеп келе жатқанын, атап айтқанда Будапештте Абайдың ескерткіші бар екенін атап өтті. Мажар тарапынан Мажарстан Премьер-министрінің кеңесшісі, мажарлық пен-клуб президенті Г.Сёч сөз алып, әлемдік мәдени мұраға үлесін қосқан Абайдың еңбегінің терең пәлсапалық ойларына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға берді.
Іс-шара барысында мажар тілінде М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабының тұсаукесері болды. Іс-шарадан кейін Будапешт қаласында орталық парктегі Астана көшесінде Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болды. Қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақстандық және мажарлық студенттер Абайдың өлеңдері қара сөздерін оқып, әндерін орындады.