02 шіл, 2021 сағат 00:25

Бублик Уимблдонда әлемнің 21-ракеткасын ұтып, үшінші айналымға шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бублик екінші айналымда әлемнің 21-інші, осы «Үлкен дулыға» жарысының 18-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар 2019 жылы Чэнду жарысында кездесіп, онда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы да Бублик сенімді ойнап, атақты қарсыласын 6:4, 7:6 (8:6), 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 26 минутқа созылды.

Матч барысында Бублик 34 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін пайдалана білді. Болгариялық спортшы 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың бірде-біреуін жүзеге асыра алмады.

Бұдан бұрын Бублик Уимблдон турниріне екі рет қатысып, алғашқы айналымнан аса алмаған еді. 

Қазақстандық теннисші төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 18-інші, жарыстың 14-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркач немесе рейтингте 66-сатыдағы америкалық Маркос Гиронның біреуімен таласады.

2019 жылы Уимблдонда сербиялық Новак Джокович чемпион атанған еді. Өткен жылы дода пандемияға байланысты өткен жоқ. Биылғы жеңімпаз 1,7 млн фунт стерлинг табады.