Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бублик екінші кездесуін әлемнің 64-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен өткізді.
Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет жолдары тоқайласып, онда сербиялық спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы қазақстандық теннисші 7:6 (9:7), 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 4 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Лайович 2 эйспен шектеліп, бір рет те брейк жасай алмады.
Бублик үшінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасады.
Еске салайық, қазақстандық спортшы жуырда Истбурн жарысында Тиафоны 5:7, 7:6 (7:4), 6:0 есебімен ұтқан болатын.
Өткен жылы Александр Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді. Қазірдің өзінде сол үздік нәтижесін қайталап отыр.