01 шіл, 2021 сағат 00:21

Бублик алғаш рет Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бублик бастапқы матчын дүниежүзілік рейтингте 105-орында тұрған отандасы Михаил Кукушкинмен өткізді. 

Қарсыластар бұған дейін өзара екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы А.Бублик 6:4, 6:2, 6:1 есебімен басым түсті.

Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.

Матч барысында Бублик 16 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Кукушкиннің еншісінде 5 эйс болғанымен, бір де бір рет брейк жасаған жоқ.

Бұған дейін Уимблдон додасында екі рет өнер көрсеткен Бублик алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Енді сол көрсеткішін жақсартты.

Бублик үшінші айналымға өту үшін әлемнің 21-інші, осы жарыстың 18-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен таласады. Ол рейтингте 106-сатыдағы испаниялық Фернандо Вердасконы 3:6, 6:3, 6:4, 6:4 есебімен ұтты.