28 қаз, 2016 сағат 12:47

Б.Сапарбаев: Қауіпсіздік талабы сақталмаса, «Паллада» қару-жарақ дүкенін жабу керек

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 5 маусым күні қарулы шабуыл жасалған қару-жарақ дүкендерін аралады. Құқық қорғау органдарымен бірлесе өткен тексеру кезінде «Паллада» дүкеніндегі қару сақтау заңдылықтарының толық орындалмағаны анықталды. Кейін өңір басшысы қауіпсіздік талабы сақталмаса, «Паллада» қару-жарақ дүкенін жабу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

5 маусым күні түс мезгілінде қарулы топ алдымен қала орталығындағы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған болатын. Дәл осы жерде «Күзет» қызметкері Миржан Тәжібаев, зейнеткер Николай Онищенко, сатушы Андрей Максименко қаза болды. Тергеу кезінде белгілі болғаны, 18 қару мен ондаған оқ-дәріні лаңкестер еш қиындықсыз қолға түсірген. Оқиғадан соң «Паллада» дүкенінің иесі Артем Горлаев 1 жылға сотталып, ол жазасын қоныс колониясында өтеп жатыр.

Ақтөбе облысында тексеру жұмыстары әрі қарай жалғасуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы «Пантера» және «Палллада» қару-жарақ дүкендеріне барып, қауіпсіздік жұмыстарын қарап шықты. «Пантера» дүкенінде қажетті бейнебақылау, дабыл түймесі, сатылымдағы суық қарулар мен қару-жарақтардың фотореал деп аталатын макеттері орналасқан. Кейін облыс әкімі «Паллада» дүкеніне барды. Мұнда қару сақтау талаптары толық орындалмай отыр.

«Егер сіздер 5 маусымға дейін қажетті қауіпсіздікті сақтағанда, жағдай бұлай болмас еді. Мәселен, «Пантера» дүкенінде қауіпсіздік ережелері сақталып отыр. Неге солардан қарамайсыздар? Бірнеше рет ескерту жасалды. Соны неге орындамайсыздар? «Пантера» дүкеніне барыңыз, қараңыз»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, дүкендерде суық қарудың түпнұсқасы емес, фотореал тұруы тиіс. Екі қарудың бір-бірінен айырмасы болмайды. Сатып алушы, алдымен, макетін қарап, кейін кеңседен ІІД-нің рұқсат қағазын көрсету арқылы қаруды сатып алады. 5 маусым күні 3 адам қаза болған «Паллада» қару-жарақ дүкенін тексеру жұмысынан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дүкен иесі қауіпсіздік ережелерін сақтамаса жабуды, ал облыстық ІІД басшысы Махамбет Абисатовқа барлық ережелердің сақталуын қадағалауды тапсырды.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА