Британия полициясы Эссекс графтығында жүк көлігінен табылған 39 мүрденің жеке тұлғасын анықтап жатыр, деп хабарлайды BBC.
Полиция жүк көлігінің 25 жастағы жүргізушісінен жауап алуда. Жігіттің аты - Мо Робинсон, Солтүстік Ирландиядағы Портадаунда туған.
Автотасымалдаушылар қауымдастығының атқарушы директоры Ричард Бернеттің айтуынша, жүк көлігі - рефрижераторлық агрегат, алып мұздатқыштың ішіндегі ауа температурасын -25 ° С-қа дейін төмендетуге болады.
Бернетт бұл аса қорқынышты жағдай екенін айтқан.
Эссекс полициясы бастығының орынбасары Пиппа Миллс ұзаққа созылса да, мүрделердің тұлғасын анықтаудың маңызы зор екендігін жеткізді.
Полиция ұсталған ер адамға тиесілі екі үйді тінтіп шықты.
Қылмысқа қарсы күрес ұлттық агенттігі істі тергеуге қолғабыс етіп отырғанын мәлімдеді.
Болгария Сыртқы істер министрлігінің өкілі жүк көлігінің Болгариядағы Ирландия азаматына тиесілі компанияның атына тіркелгенін айтты. Министрлік өкілінің сөзі мүрделердің Болгария азаматтары емес дегенге саяды.
Еске сала кетейік, кеше Эссекс графтығының Таррок қаласында контейнерлік жүк көлігінен 39 адамның денесі табылғанын хабарлаған едік. Олардың 38-і – ересек, біреуі жасөспірімнің мүрдесі.